IT FEST – 2021: Ақтөбедегі NIS оқушыларының жаңа жетістіктері

🌱Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Төлеген Айтени және Мұстафа Абылханұлы «IT FEST-2021» фестивалінің жеңімпаздары атанып, еліміздегі Халықаралық IT университетіне шақырту алды. Ақпараттық технологиялар бағыты бойынша қатысқан зияткерлер мобильді қосымша жасап шығарған. 📌«AR-zerthana» бағдарламасы – химиялық тәжірибе жұмыстарын жүргізуге арналған виртуалды лаборатория. Мобильді қосымшада толықтырылған шынайылық технологиясы қолданылған. Оқушылардың айтуынша, бұл – білім мен ғылым саласындағы мәселелердің заманауи шешімі.
– Біз еліміздегі ғылым деңгейінің артуына атсалысқымыз келеді. Пандемия кезінде мектеп оқушылары үшін тәжірибе жасауға мүмкіндік болмады, сондай-ақ көптеген білім беру ұйымдарында химиялық зертхана жұмыстары жүргізілмейді. Біз осы мәселені ескеріп, виртуалды лаборатория жасақтауды қолға алдық. «AR-zerthana» мобильді қосымшасы арқылы оқушылар түрлі эксперимент жүргізіп, химиялық элементтердің қосылыстарымен жұмыс жасай алады, – дейді Мұстафа Абылханұлы.
Бұл жобаның тағы бір пайдалы тұсы – қауіпсіздік: жас зерттеушілер тәжірибелік жұмыстарын алаңсыз жүргізе алады. Оқушылар бағдарламаға әзірге бірнеше химиялық элементтерді топтастырған. Жетекшілері – информатика пәні мұғалімдері Бақыт Гайсагалеева мен Ақзат Қауысова. Жоба авторлары алдағы уақытта мобильді қосымшаны одан әрі жетілдіріп, авторлық құқық алуды жоспарлап отыр.