
Биыл Ақтөбедегі NIS-тің 3 оқушысы мектепті «Алтын белгіге» аяқтаса, 2 шәкірт ерекше үлгідегі аттестат иегері атанды. Мектеп бітірушілер 2020-2021 оқу жылында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, ғылыми, мәдени әрі спорттық жарыстардың жүлдегерлері атанды, сондай-ақ халықаралық IELTS емтиханында жоғары нәтиже көрсетті. Бүгінгі таңда Венгрия, Италия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Қытай елдерінің үздік университеттерінен шақырту алған оқушылар да бар. Елеулі жетістікке жеткен түлектерге мектеп директоры Сауле Умербекова өз тілегін жолдады:
– Құрметті түлектер, ең бастысы – денсаулық, қайда жүрсеңдер де, аман болыңдар! Сендер, міне, қиын-қиын белестердің бірінен аттап, болашаққа сәтті қадам бастыңдар! Әрбір бастамаларыңа сәттілік тілейміз! Елге пайдасы тиер маман иесі атаныңдар!

– Мектепке келген ең бірінші күннен бастап білімі мен тәжірибесін қатар сіңіріп, жай ғана мектептегі мұғалім емес, өмірлік ұстаздарымызға айналған әрбір педагогқа және зияткерлік ортаға қадам жасауға қанаттандырған, әрбір бастамамызға үлкен сеніммен қарап, жағдайымызды жасаған ата-аналарымызға алғыс айтамыз, – деп жас түлек Айнұр Бисеналина жылы лебізін білдірді.
