NIS-тің тікелей эфирінде – тамыз кеңесі: төртінші күн

Кез-келген ақпаратты сандар тілінде жазу, заңдылықтар мен трендтерді анықтау, қолданбалы есепті шешу, нәтижелерді диаграммалар, графиктер және басқа да визуалды құралдар түрінде ұсыну – мұның бәрі математикалық сауаттылықтың құрамдас бөлігі. Конференцияға қатысушылардың бірі, Ақтөбе облысы Алға қаласының №3 орта мектебінің математика мұғалімі Бибінұр Аманова математикалық сауаттылықты дамытудың өзектілігін атап өтті:
– Комбинаторика жайындағы көптеген жаңа пайдалы әдістер туралы ақпарат ерекше құнды болды. Сондай-ақ, NIS және жалпы білім беретін мектептердегі әріптестердің шеберлік сабақтары есте қалды. Тамыз кездесулерінің дәстүрі өте маңызды, өйткені ол білім беруді дамытудың траекториясын заманауи талаптарға сәйкес анықтайды. Біз, яғни мұғалімдер үшін бұл идея мен пікір алмасу алаңы іспеттес, і қашықтан форматы – еш кедергі емес.
Соңғы жылдардағы оқиғалар виртуалды шындық миф емес екенін көрсетті. Бұл дегеніміз, өмір сүру сапасы IT-дағдыларын меңгеру деңгейіне және информатика сабақтарында қалыптасатын цифрлық сауаттылық деңгейіне тікелей байланысты. Пәндік сессия барысында аталған құзыреттердің даму үдерісі туралы Зияткерлік мектептердің информатика пәні мұғалімдері – Павлодардағы NIS-тен Айнагүл Ермекова, Ольга Литвинова және Алия Арингазинова, Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептен Меруерт Көшкінбаева, сондай-ақ жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері – Түркістан облысы Мақтаарал ауданының №16 орта мектебінен Асқар Пратаев және Шымкент қаласының №8 гимназиясынан Зина Адырбаев сөз қозғады.
Еліміздің түкпір-түкпірінен отыз мыңнан астам математика және информатика мұғалімдері пәндік сессияларға қосылып, өзекті тақырыптарды талқылады және сарапшылардың шеберлік сабақтарына қатысты.
Бүгін NIS-тің тікелей эфирінде физика және химия пәндері бойынша сессиялар өтеді.