Ақтөбедегі NIS ұстаздары Science on Stage Europe халықаралық фестиваліне қатысады

Еліміздің түкпір-түкпірінен білікті педагогтарды жинаған Science on Stage Qazaqstan фестивалі үздік жобаларды таңдады. Қатарда Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстаздарының жұмыстары бар: биология пәні мұғалім-модераторы Гүлназ Успанова мен физика пәні мұғалімі Жұлдыз Мұсаеваның  «Физика сабағында пластикті қайта өңдеу» және биология пәні мұғалім-модераторы Гүлжан Базаеваның «Бал: біз ол жайында не білеміз?» жобалары. Республикалық іріктеуден сүрінбей өткен ақтөбелік ұстаздар 2022 жылы Прага қаласында өтетін Science on Stage Europe халықаралық фестиваліне жолдама алды.

Science on Stage Europe – STEM пәндерін оқытудағы инновациялық әдістермен бөлісетін педагогтарға арналған үлкен мүмкіндіктер алаңы. Фестиваль барысында ұстаздар жергілікті және шетелдік сарапшылардың жетекшілігімен жоба дайындап, оқу процесіне кіріктіреді.

Физик Жұлдыз Мұсаева мен биолог Гүлназ Успанова ауқымды экологиялық мәселеге айналған пластикті өңдеу бойынша жобасы арқылы тақырыптың қаншалықты өзекті екендігін айқындап қана қоймай, оқушылармен бірлесіп, тәжірибелік жұмыстар жүргізді.

Ал биология пәні мұғалім-модераторы Гүлжан Базаеваның «Бал: біз ол жайында не білеміз?» жобасы бұл өнім туралы ғылыми деректер негізінде дұрыс таңдау жолдарын ұсынды. 10-сынып оқушысы Камила Құрамысованың бастамасымен Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында балға физико-химиялық анализ жүргізілді, сондай-ақ Бәйішев университетінің аға-оқытушысы Жанар Қалыбекованың жетекшілігімен балдағы тозаңға палинологиялық талдау жасалды. Нәтижесінде мобильді қосымша әзірленіп, қолданысқа еніп отыр.