Ақтөбедегі NIS-те тәрбие сағаты өтті

 

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-12 сынып оқушылары үшін алғашқы білім күні Тәуелсіздік сабақтарымен жалғасты. «Жасампаздық пен даму жылдары» тақырыбында өткізілген кіріспе дәріс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын насихаттап, ел тарихындағы елеулі жетістіктерге тоқталды. Сабақ барысында 1991-2021 жылдары аралығында болған саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, спорт салаларындағы маңызды оқиғалар мен тың деректер айтылды. Қазақстанды әлемдік аренаға алып шығудағы қиындықтар мен маңызды шешімдер, мемлекеттің тұтастығы мен болашағын қалыптастырудағы жүйелі жоспарлар талқыланды.

Сондай-ақ әр түрлі қызмет аясында ел дамуына орасан зор үлес қосқан жерлестеріміздің де пікірі тыңдалды. Кәсіпкер әрі қамқоршылар кеңесінің мүшесі Асхат Айтжанов өңірдің экономикалық ауқатын арттырудағы тәжірибесімен бөліссе, мәдениет саласы бойынша Қанат және Светлана Айтбаевтар, сондай-ақ әлемге белгілі спортшы, бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров мансаптық жолындағы жетістіктеріне тоқталып, оқушыларға мотивация берді.

  • Отан отбасынан басталады. Еліміздің тәуелсіздігі біздің жанұямыз үшін көптеген жақсылықтар әкелді: шаңырақ көтердік, балалы болдық, мәдениет саласында адал қызмет атқарып, шетелдерде ел намысын қорғадық. Бүгінде парасатты ұрпақ тәрбиелеп, Қазақстанымыздың өркендеуіне үлесімізді қосып жатқанымызға ризамыз, – деп бөлісті Айтбаевтар отбасы.

Зияткерлердің бойында патриоттық сезімдерді дамытумен қатар, олардың мектеп қабырғасындағы қауіпсіздіктері қолға алынды. Білім алушылар жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын нұсқаулықпен танысып, өз сауалдарына жауап алды.