1 қыркүйек – Білім күні

Ақтөбедегі NIS-те көптен күткен алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, мектеп оқушылары білім ордасымен қайта қауышты. Биыл шаһардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің табалдырығын аттаған 144 жас жеткіншек үшін бұл күн аса маңызға ие. Білім күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиын тек 7-8 сынып оқушыларының басын қосып, өңірдегі эпидахуалға байланысты бірнеше лекпен өткізілді. Шара мемлекетіміздің алтын діңгегі – Тәуелсіздікті арқау етті.

  • Биылғы жаңа оқу жылы азаттығымыздың айшықты белесімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда бүгінгі Білім күнін Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық мерейтойына арнадық. Кемел келешек білімнен басталады демекші, оқушыларға ел тарихын, мәдениеті мен салтын үйрету мектеп қабырғасынан қолға алынуы керек, сонда ғана елін шын құрметтейтін, оның дамуына үлес қосатын азаматтар шығады. Бүгінгі шарамыздың негізі де осында жатыр, – деп бөлісті мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жаннат Имжарова.

Жас ұрпақтың бойынан патриоттық сезімдерді қалыптастырып қана қоймай, оларды тәрбиелеуді мақсат еткен жиын барысында қатысушылар Тәуелсіздік жетістіктерімен танысып, тарихи-хронологиялық қойылымды тамашалады. 1991-2021 жылдар аралығында қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық, саясат, мәдениет және спорт салаларындағы табысты нәтижелер сахналанды. Қойылымды нағыз рухқа толы, сап түзеген барабаншылар ырғақты әуенмен аяқтады.

Мерекелік шарада ұстаздар мен ата-аналардың құттықтау сөздері оқушыларға ерекше серпіліс сыйлағаны сөзсіз. Жыл бойы оқуда озат, өнер мен спортта өршіл болған 8-сынып оқушылары марапатталып, мектеп директорының алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ биылғы оқу жылында мектеп ұжымы жаңа қызметкерлермен толықты. Ал бүгінгі күннен бастап білімдерін Ақтөбедегі NIS-те жалғастыратын 7-сынып оқушылары өз «шаңырақтарымен» танысып, әсерлерін ортаға салды:

  • Бүгін Ақтөбедегі зияткерлік мектептің алғашқы қоңырауын мен соқтым! Бұл мектепте білім алу менің арманым еді, үміткерлердің арасынан ең жоғары балл жинап, енді NIS зияткері атандым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе! Болашақта елге пайдам тиетін азамат боламын! – дейді 7 сынып оқушысы Нұржан Мұқашев.