Ақтөбедегі NIS оқушысы жолдардың құрамындағы бетон беріктігін арттыратын химиялық қоспа ойлап тапты

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Гаухар Ахтанқызы автокөлік жолдарының құрамындағы бетон беріктігін арттыратын химиялық қоспа ойлап тауып, бұл өнертабысын патенттеді. Жетекшілерінің идеясын іске асырған зияткер 2 жыл ішінде ауқымды зерттеу жұмысын жасап, тәжірибе жүргізген. Жас өнертапқыштың сөзінше, күн тәртібіндегі өзекті мәселе – жол сапасын арттыру үшін глицерид фелон қышқылын пайдалануға болады.  Бұл – қоспаның ең негізгі компоненті.

– Химиялық қоспаны әзірлеу ұзақ процесс: автокөлік жолдарының құрылымы мен құрылысын зерттеу, лабораториялық эксперимент өткізу секілді бірнеше кезеңнен тұрды. Қарапайым картопты пиролиздеу әдісі арқылы керекті элемент – глицерид фелон қышқылын алдық. Кейін дайын қоспаның ылғал сіңіргіштік қасиеті мен жүк көтеру мүмкіншілігін анықтадық. Осылайша өнімнің жол сапасын жақсарта алатынына көз жеткіздік, – дейді жас ғалым.

Елімізде мұндай химиялық қоспаның аналогы бар, өндірушілер оны қызылшадан жасайды. Алайда Гаухардың зерттеуіне сәйкес, бетон беріктігін нығайтуға арналған қоспаны картоп өнімінен алған әлдеқайта тиімді әрі үнемді, өндіру де қиынға соқпайды. Сондай-ақ химия пәні мұғалім-модераторы Дастан Назаровтың жетекшілігімен жүргізілген жобада еліміздегі жолдардың неліктен сапасыз екендігі де қарастырылған.

– Көптеген мердігер кәсіпорындар жол салу техникасынан қателіктер жібереді, бұл нағыз мамандардың тапшылығы салдарынан болады. Оған қоса жемқорлық фактілерінің тіркелуі де жоқ емес. Сондай ақ көптеген жол-құрылыс компаниялары қоспа пайдаланбайды, себебі бұл мекеме үшін артық шығын. Біз осы мәселелерді ескере отырып, бетон беріктігін сақтайтын үнемді қоспа дайындадық, – дейді зияткер.  

2019 жылы қолға алынған зерттеу жұмысы Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында жүргізілді. Мұнда тәжірибе жасауға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Енді дайын қоспаны өндіріске ұсыну үшін сертификация алып, ғылыми-техникалық экспертизадан өткізу қалды. Айта кетейік, жақын арада NIS түлегі атанатын Гаухар Ахтанқызы мектептегі алғашқы патент иесі. Болашаған құрылыс инженерия саласымен байланыстырғысы келеді.