NIS-тің тікелей эфирінде – тамыз кеңесі: алтыншы күн

Конференцияның аяқталуына бір күн қалғанда пәндік сессияларға еліміздің әр аймағынан 20 мыңға жуық география мен биология пәнінің мұғалімдері қосылды.
Әрбір пән мұғалімінің міндеті – балаларды сабақта алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға үйрету. Педагогтердің айтуынша, оқушылардың сауаттылығын дамыту өте маңызды, ал ұсынылған шеберлік сағаттары мұғалімдерге көмекке келеді.
– Шынында қазіргі балалардың функционалдық сауаттылығының жоғары болуы маңызды. Пәндік сессияларда тиімді әдістер мен тәсілдер толық көрсетілді. Мектепте қауіпсіз орта құру туралы ақпараттың өзектілігін ерекше атап өткім келеді. Бұндағы мұғалімнің рөлін, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде сабыр сақтау керектігін бәрі түсінуі керек деп ойлаймын, – дейді Алматыдағы №177 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Тайгелтірова.
– Әр пәндік сессия барысында баяндамашылар қарқынды дамып келе жатқан әлемде тек қарапайым дағдыларға ие болу жеткіліксіз екендігіне назар аударды. Мұғалімдер балаларды практикалық іс-әрекет барысында туындайтын мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табуға және оны тәжірибеде қолдануға қалай үйрету керектігін түсіндірді. Өзгермелі әлемде функционалдық сауаттылықтың болуы – басымдылық, – деп санайды Алматыдағы №117 орта мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлнәр Орманбекова.