Ақтөбедегі NIS-те Тәуелсіздік сабақтары

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде ел еркіндігінің 30 жылдығы аясында «Жасампаздық пен даму жылдары» тақырыбында тәуелсіздік сабақтары өтті. Дәріске облыстың 100-ден астам жетекші мектептері қосылды.

Ақтөбедегі NIS ұстазы Бибігүл Жакиева «Қазақстан тарихы» пәнінің миссиясы – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, мемлекетті дамыту үшін жеке жауапкершілік қалыптастыратынын атап өтті:

– Биылғы жылдың басты тақырыбы – ел Тәуелсіздігінің мерейтойы. Сабақ барысында Қазақстанның өткені мен бүгінін салыстырып, форсайт әдісі арқылы болашағына болжам жасаймыз, сонымен қатар мемлекеттің әлемдік аренадағы бейнесін талдаймыз. Оқушылар әр бөлімде қоғамдағы мәселелерді шешу жолдарын қарастырады.

Егемен елдің отыз жылдағы маңызды жетістігі – Семей полигонының жабылуы және Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы. Зияткерлер осы оқиғалар желісімен SWOT-талдау жүргізді. Сабақ аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру туралы келісім, «Бітімгерлік қызмет» жөніндегі ҚР Заңы және Әлемдік діндер көшбасшыларының сьезі туралы да сандық әрі сапалық әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР сыртқы саясаты жөніндегі конценпциясы талқыланды.
«Ел тарихындағы менің тағдырым» бөлімінде әр түрлі қызмет аясында мемлекеттің дамуына орасан зор үлес қосқан жерлестеріміздің де пікірі тыңдалды. Кәсіпкер әрі қамқоршылар кеңесінің мүшесі Асхат Айтжанов өңірдің экономикалық ауқатын арттырудағы тәжірибесімен бөліссе, мәдениет саласы бойынша Қанат және Светлана Айтбаевтар мен әлемге белгілі спортшы, бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров мансаптық жолындағы жетістіктеріне тоқталып, оқушыларға мотивация берді.

– Менің кәсібім – Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы. Осы уақыт ішінде шаһарымыздың көркін келтіріп тұрған ғимараттарды салдық, жерлестерімізді жұмыспен қамтамасыз еттік, Ақтөбені жасылдандыруға атсалыстық. Бұл – біздің ел дамуына қосқан өзіндік үлесіміз. Болашақта сіздер де еліміздің өсіп-өркендеуі жолында тынымсыз еңбек ететіндеріңізге сенеміз, – дейді кәсіпкер Асхат Айтжанов.

Тәуелсіздік сабақтары өңірлік орта мектептердегі 3000-ға жуық оқушыға трансляцияланды. Қатысушылар пікір білдіріп, ой алмасты. Сондай-ақ шараға Ақтөбе облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Купенов те қатысты.

– Біздің кезімізде Қазақстанның болашағына күмәнмен қараған жастар көп еді, алайда Елбасының реформалары мен идеялары арқасында еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып отырмыз. Бүгінде әрбір азамат қалаған саласында қызмет етіп, таңдаған оқу ордасында білім ала алады,- дейді Айбек Маратқалиұлы.

Ашық сабақтар еліміздегі барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ұйымдастырылып, республика бойынша 50 мыңға жуық жоғары сынып оқушыларына тәуелсіздік тарихын баяндады.