banner

Жаңалықтар

«JasREPUBLIC CUP» пікірсайыс турнирінің өңірлік жеңімпаздары анықталды

29 қыркүйек 2024 15:00

Семей қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 28-29 қыркүйек аралығында «JasREPUBLIC CUP» атты Ұлттық дебат турнирінің іріктеу кезеңі өтті.

Жарма, Көкпекті, Аягөз, Үржар, Мақаншы, Бородулиха аудандары мен өңір орталығындағы 100-ден астам мектеп оқушысы  пікірсайыс алаңында сынға түсіп, өзара ең мықты пікірсайысшыны анықтады. 35 фракция арасында талқыға түскен тақырыптар қоғамдағы әртүрлі мәселелерге бағытталған. Бас төрешінің айтуынша, жыл сайын оқушылар арасында шешендік ойынға қызығушылық артуда. Сол себептен де аталмыш шараның кіл мықтысын анықтау қиынға соққан.

     Облысымыздағы дебат қозғалысы жыл сайын дамып келеді. Бүгінгі іс-шара да мектеп оқушыларының арасындағы пікірсайыстың жаңдануына әсер етпек. Жастарына қарамастан оқушылар жекеменшік мектептер, ChatGPT-дің пайдасы мен зияны, өмір сүруге қолайлы қала тақырыбында ұтымды ой өрбіте білді, - деді "Конгресс" интеллектуалды дебат клубының координаторы, бас төреші Дидар Жанымханова.

Турнирдің мақсаты – жас дебатерлердің ойлау қабілетін, шешендік өнерін дамыту және білім алушылар арасында пікір алмасу мәдениетін қалыптастыру. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен «OzgerTeam» қоғамдық қоры бірлесуімен ұйымдастырылатын іс-шараға Respublica партиясы қолдау білдіреді.

Зияткерлік ойында қазақ лигасынан 25 фракция, орыс лигасына 10 фракция бақ сынады. Сайыс қорытындысы бойынша қазақ лигасында бірінші орынды Ыбырай Алтынсарин атындағы № 37 гимназиясы иеленсе, екінші орынға Экономикалық лицей қол жеткізді. Үштікті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №47 жалпы орта білім беретін мектебі түйіндеді.               

Орыс лигасы бойынша жүзден жүйрік атанғандар - Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі. Екінші орынды Семей қаласы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған "БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ" лицейі қанжығаласа, үшінші орынға Ш.Уәлиханов атындағы "Жас-Ұлан" арнайы ерлер мектеп-лицей интернаты жайғасты.

Жарыс қорытындысында Respublica партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш жеңімпаз фракцияларға арнайы дипломдар мен сыйлықтарды табыстады.

Өңірлік кезеңде үздік деп танылғандар республикалық Ұлттық турнирге жолдама алды.