banner

Жаңалықтар

Ақтөбелік оқушы пернетақтаны көзбен басқаратын жүйе ойлап тапты

10 желтоқсан 2024 13:45

Ақтөбе қаласындағы NIS командасы көз қозғалысы арқылы пернетақтаны басқаруға арналған (eye tracking system) жүйе ойлап тапты.

Бұл технология мүмкіндігі шектеулі адамдардың компьютерлік бағдарламалармен толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жүйе TensorFlow мен OpenCV фреймворктары негізінде көз қозғалыстарын бақылап, басқарады. Көзді пернетақтаның қажет бөлігіне бағыттау, содан соң қысу арқылы керек символды таңдауға болады.

Аталмыш жоба Алматыдағы Халықаралық IT университетінде өткен Alrathon хакатонында үздік деп танылды. Жеңімпаз команда құрамында NIS-тің информатика пәні мұғалімі Бауыржан Шоқанов, 11-сынып оқушысы Даир Сырлыбаев пен «Маленький мир» қоғамдық қорының басшысы Светлана Абдулова болды. Үздік жоба иелеріне сыйлық ретінде 300 мың теңге сертификаты табысталды.

Байқау мақсаты – жасанды интеллект арқылы инклюзивті технологиялар жасап, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсарту.