Жаңалықтар
🌱Зияткерлік мектептің жас инженерлері туралы повесть жарыққа шықты
18 қазан 2024 16:04
Елордадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Даналық бейсенбі» жобасы аясында журналист, жазушы Әсет Сыздықовпен кездесу өтті. Әсет Сыздықов өзінің шынайы оқиғаларға негізделген «Алматинское чудо» атты көркем шығармасын таныстырды. Баспадан шыққан кітапта Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушыларының «Шабдалы» жас инженерлер командасы жайында жазылған. Команда 2022 жылдың қазан айында Женевада өткен робототехника бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетіп, қазылар алқасын инженерлік шеберліктерімен тәнті еткен болатын.
Биылғы жылы Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS командасы Грециядағы First Global Challenge-де робототехника бойынша үш дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Сондай-ақ 2023 жылы Сингапурда топ жарды. «Алматинское чудо» повесі үш бөлімнен тұрады және жас таланттардың сайысқа дайындықтарын, өмірлік ұстанымдарын, олардың табысқа деген ұмтылысын, сонымен бірге командалық рух пен достықтың маңызын ашып көрсетеді.
Автордың айтуынша, бұл туынды әдеби жоба ғана емес, сонымен қатар әлемге қазақстандық оқушылардың әлеуетін көрсету мүмкіндігі екенін атап өтті.
– Мен үшін жеңіс рухын және кітап кейіпкерлеріне тән кемелдікке деген ұмтылысты жеткізу ерекше маңызды болды, - деді ол.
Кездесу қызу пікірталасқа ұласты. Елордадағы Зияткерлік мектептер мен Халықаралық мектептің оқушылары авторға кітап шығару процесі, шығармашылық адамына шабытты қайдан алу керек екенін сұрады. «Шабдалы» командасымен танысудан алған әсерлері туралы сұрақтар қойды.