Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника «КазРоботикс» Федерациясы KazRoboSport-2022 облыстық чемпионатының жеңімпаздары болып Ақтөбедегі NIS оқушылары атанды. 10-сыныпта оқитын Рамазан Мұхитов пен Мейіржан Ерсаинов 14-17 жас аралығындағы балалар арасында, робо-сумо санаты бойынша, І орынға ие болды.
Байқауға мектеп, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері қатысты. Зияткерлер бұл сайыстың облыстағы робототехниканы дамытуға және осы бағытқа бет бұрған балалардың бір-бірімен танысып, ойға алған істерін жүзеге асыруға мүмкіндік жасайтынын айтты.
Рамазан мен Мейіржан бұл жарыста өздері ғана қатысып қоймай, сайысқа екі топ оқушы дайындағандарын мойындады. Шәкірттері жүлделі ІІ және ІІІ орындарды қанжығалады.
10-сынып оқушылары АҚШ елшілігінен кіші жастағы мектеп оқушыларын ардуиноға үйретуге ұсыныс түскенде, қуана келіскендерін айтады. Жарты жыл көлемінде балаларды тегін оқытқан зияткерлер АҚШ елшілігінен алғыс хаттар алды.
– Робототехникамен айналысқан баланың логикалық ойлау қабілеті жақсы дамиды. Апта сайын, сенбі күндері, біз оларға бағдарлама жасауды, роботтардың материалдық-техникалық жағын зерттеуді, оларды құрастыруды үйреттік, – дейді Рамазан.