2021 жылы Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ислам Сейтжанов, Ақтоты Шмитова, Төлеген Айтени, Мейіржан Нағашыбай және Даниал Бекмухамбетов «Елбасы Медалі» бағдарламасына қатысып, қола медаль иегерлері атанды.
– Менің өміріме жоба оң нәтиже берді. Менің физикалық жағдайым жақсарды, өйткені мен спортпен қалаған кезде емес, айналысқым келмеген сәттерде де шұғылдандым. Спорттық жаттығулардан есеп тапсыруға тура келетіндіктен мен көп талпындым, – деп ағынан жарылды байқау қатысушысы Төлеген.
Бағдарламаның негізгі шартының бірі – байқау қатысушылары 14 пен 29 жас аралығында болуы тиіс. Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz онлайн платформасына тіркеліп, ұсынылған «алтын», «күміс» немесе «қола» бағыттарын таңдау керек. Содан кейін қатысушы арнайы бекітілген тәлімгердің көмегімен өз қалауына сай іс-шаралар мен кестені таңдап, жеке даму бағдарламасын бастайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бағдарламаға қатыса алады. «Елбасы медалі» жобасында әрбір қатысушыға өзін-өзі дамыту үшін бес бағыт ұсынылған: «Спорт және дене шынықтыру», «Кітап оқу», «Дарын мен дағды», «Рухани даму», «Еріктілік». Бағдарламаны әзірлеуде үздік әлемдік тәжірибе қолданылған. Зияткерлердің айтуынша, олар осы салалар бойынша апта сайын тапсырмалар орындап, сайтқа жүктеп отырған.
– Бұл жоба уақытты тиімді қолдануға бағытталған. Байқаудың арқасында жазғы демалысымды игі істерге пайдаландым. Жобада «Еріктілік» бағытының тапсырмаларын орындап бастағанда мен қайырымдылықпен айналыспайтынымды білдім. Қарт және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп бастадым, – дейді 10-сынып оқушысы Актоты Шмитова.
Ақтоты «Елбасы Медалі» бағдарламасында берілген нұсқаулықтар тайм-менеджменттен бөлек, оның көшбасшылық дағдыларын дамытқанын, ал еріктілер қатарына қосылғалы, бұрынғы қалпымен салыстырғанда қамқор, бауырмал болғанын мойындады.
Аталған шара жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Ақтөбе облысы әкімдігінде өтті. Жалпы, өткен жылы бастау алған жобаға облыс бойынша барлығы 410 өтінім келіп түскен. Байқаудың ақтық мәресіне 167 қатысушы жетіп, 130 адам медальға ие болды.