ЗИЯТКЕРЛЕР «АНАҒА ТАҒЗЫМ» РУХАНИ ТӘРБИЕ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНДА

«Желкен» шаңырағы оқушылары «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экпедициясын «Анаға тағзым» рухани тәрбие беру орталығынан бастады.⠀
– Орталықтың басты міндеті – аналардың отбасындағы рөлін арттырып, болашақ аналарға қазақ халқының салт-дәстүріне негізделген тәрбие беру. Сіздер – Қазақстанның білімді ертеңі өсіп, үлкен дәрежеге жетіп, аналарыңыздың суреттері осы залда ілініп тұруын тілеймін! – деді орталықтың басшысы Марта Малайдар.
Оқушылар Ақтөбеде алғаш рет ашылған бұл орталықтың ішіндегі экспозициялық зал, қыз-келіншектерге арналған қолөнер, би үйірмелері мен ұлттық мұражайды көріп шықты. Мұражайда олар ағайынды Жұбановтардың, Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың, Шоқан Уәлихановтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Шәкен Айманов секілді еліміздің танымал тұлғаларының аналары өмір жолдарымен танысты.
– Өткен жылдары Бопай ханым, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанованың ерлігімен, Аққағаз Досжанова, Роза Жаманова, Нұрсұлу Тапалованың өмірімен танысқан болатынбыз. Биыл ақтөбелік Марат Оспановтың, Серік Ақшолақовтың, Сұлупан Шынтасованың аналарының суреттері ілінгенін көрдік. Елге еңбектері сіңген азаматтар көп, осы орайда ақпарат жаңарып тұратынын байқадық, – деді мектептің баспасөз хатшысы Әйгерім Аманғосова.
Мекеме мамандары кешен ішіндегі психологиялық кеңес беру, қолданбалы өнер, тігін үйірмелері мен би, дизайн сабақтарын өткізетін арнайы кабинеттерін көрсетті. Ал экскурсия соңында оқушылар орталықтың алдында бой көтерген қазақ аналарының бейнесін бейнелейтін ескерткіштің жанында естелік суретке түсті.⠀
Аталмыш ғимарат алғаш рет Ақтөбе қаласында 2018 жылы өткізілген аналар слетінің қарсаңында бой көтерген.