Ақтөбедегі физика-математика бағытындағы NIS бір топ оқушылары облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсияға барды.⠀
⠀
Экскурсия жүргізген музей қызметкерлері облыстық мұражайдың тарихы және жаңалықтары туралы баяндады. Мұражай қорында 51956 экспонат бар. Зияткерлер Ақтөбе аумағында табылған Алтын адам жайлы фотодеректер, сол замандағы әшекей бұйымдар қызықтырғанын айтты. Сонымен қатар оларды облыста өндірілген тағам, киім, ойыншықтардың алуан түрлілігі таңқалдырған.⠀
⠀
⠀
– Мұнда Ақтөбе аумағында археологиялық қазба кезінде табылған еңбек құрал-жабдықтарын, қыштан жасалған бұйымдар, Сақ, Сармат, Ғұн тайпаларының сауыттарын, алтын мен күмістен, мыстан жасалған әшекейлерін, қола айнаны көрдік. Қазақ-қалмақ соғыстары туралы құнды мәліметтер алып, сол кездегі қару-жарақ үлгілерімен таныстық, – деді Дәмелі Асқарова, 9-сынып оқушысы.⠀
⠀
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы – мәдени-ағарту мекемесі 1929 ж. құрылған. Мұражайда табиғат, археологиялық, архитуралық және этнографиялық бөлімдері жұмыс істейді. Облыста табылған Есет батырдың заттары, Арал батырдың сауыты, этнографиялық материалдар көпшілік назарына қойылған. Халық ауыз әдебиетіне арналған экспозицияда «Қобыланды», «Айман-Шолпан», «Қыз-Жібек» сияқты эпикалық туындылар, Қорқыт, Асан Қайғы, Шернияз ақын жөнінде маңызды деректер кездеседі. «Алаш» ұлттық-демократиялық қозғалысы, саяси-қуғын сүргін құрбандары, туған өлкедегі зиялы қауым өкілдері – диқаншы Ш.Берсиев, композитор Ғ.Жұбанова, ғарышкер В.Пацаев⠀жөнінде құжаттар жинақталған.⠀
⠀
«Желкен» шаңырағының кураторы Татьяна Сұлтанғалиева «Тарих – туған жерден басталады, сондықтан әр оқушы өзі тұрған қаласының, елді мекенінің жері мен азаматтарының тарихы туралы білгені жөн» деп есептейді.
Зияткер оқушылар облыстық тарихи-өлкетану мұражайын аралады⠀
