Жазираның аниме стилінде жеке көрмесі ашылды

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы жеке сурет көрмесін өткізді. 8-сынып оқушысы Жазира Мұратова жыл бойы салған 40 туындысын көпшілік назарына ұсынды. Жеке көрменің салтанатты ашылуына қызыл лента қиюға Жазираның анасы мен мектеп директоры келді.

Жастар арасында анименің танымалдығы артып келеді, дәл осы жанрды Жазира суреттерінде пайдаланған. Ол тек фломастер мен түрлі-түсті қарындаштарды қолдана отырып, негізінен өз қиялындағы кейіпкерлерді, графиканы салады.

Мектеп арт-студиясының жетекшісі Ильсияр Казакова сегізінші сынып оқушысы сурет үйірмесінің тұрақты қатысушысы екенін атап өтті.

– Қазіргі жастар дорамаларды көп көреді және k-pop тыңдайды. Аниме балаларға, жасөспірімдерге, кейде тіпті ересектерге де ерекше ұнайды. Жазира NIS -тегі алғашқы күндерден бастап оқудан бос уақытының барлығын көркемсурет студиясында өткізеді. Оның шығармаларын көрмеге іріктеудің қажеті болған жоқ, бәрі ашық түсті, әдемі, көз алмайсың, – деді Ильсияр Казакова.