Ақтөбедегі NIS мектебінде «Жазғы мектеп-2022» өз жұмысын аяқтады. Осы күнге дейін мектеп қатысушыларына сабақтар, тәжірибелік жұмыстар мен түрлі шеберлік сағаттары өтті. Жазғы мектепте 500 оқушы білімдерін шыңдап қана қоймай, физикалық қабілеттерін дамытып, шығармашылық қабілеттерін арттырды.
Оқушыларға оқу бағдарламасы физика, ағылшын тілі, қазақ тілі, орыс тілі, Қазақстан тарихы, дүние жүзі тарихы, география, биология, химия, математика сабақтарын қамтыды. Сондай-ақ мектеп оқушылары үшін «IELTS», «3D денелердің моделін жасау», «Зымыран клубы», «Робототехника», «Химиядағы ойлау негіздері», «Қаржылық сауаттылық», «БҰҰ моделі», «Photocamp», «Генетика музыкасы», «Шығармашылық калейдоскоп», «Данышпандар академиясы», домбыра, актерлік шеберлік, хореография, сәндік-қолданбалы өнер үйірмелері, футбол, баскетбол, волейбол секілді спорт түрлері мен пікірсайыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, студенттер Arduino платформасында электронды құрылғылар жасап, физика, химия, биология пәндерінен эксперименттер мен зертханалық жұмыстар жүргізді.