Жазғы мектептегі «Генетика музыкасы: Биологиядан сұлулықты қалай табуға болады?» курсы NIS 7-сынып оқушыларына арналған және 14 сағаттық оқытуды қамтиды.
Оқушыларға белгілі бір жанрдағы өлеңді тыңдай отырып, омыртқасыз ағзаны салады. Осы орайда омыртқасыз ағзалардың сыртқы құрылымын бейнелеуге және бейнелеу кезінде әуендердің адам ағзасына әсер етуін зертету мүмкіндігі беріледі. Сабақта бунақденелілердің, өрмекшітәріздестердің және шаянтәріздестердің реңдік ерекшелігін зерттеп, адам ағзасына әуеннің әсер етуі қарастырылады. Сәтті орындалған бейнелер биология кабинетіне аты-жөндері жазылып, ілінеді.
Биология пәні мұғалімі Райымбек Тұрсынбаев осы курс барысында оқушылар бунақденелілер, өрмекшітәріздестер, шаянтәріздестер класына жататын ағзалардың құрылысын, өзіндік ерекшеліктерін және олардың реңдерін зерттегендерін жеткізді.
– «Генетика музыкасы» курсы арқылы оқушылар буынаяқты ағзалардың құрылымдық ерекшеліктерімен танысады. Сабақ барысында олар 9-сыныпта қарастыратын тақырыпты меңгереді, яғни музыка арқылы бейнелемес бұрын, омыртқасыз ағзаның бөліктерін, олардың атауларын білу деңгейіне жету керек, – дейді жас ұстаз.
Зияткерлер суреттер салып болғасын таныстырады. Райымбек ағай биологиялық тұрғыдан ағзаның құрылысына кері байланыс берсе, ал психолог суретке қарап, оқушылардың қасиеттерін талдайды.
Курсты сәтті аяқтағаннан кейін, оқушылар тірі ағзалардың классификациясын жүйелеп, буынаяқтылар типінің құрылым ерекшеліктерін көрсете алады. Әуеннің адам ағзасына, көңіл-күйіне, ойлауына қаншалықты әсер ететінін ұғынады.