Жазғы мектеп-2022: Математика мен 3Д модельдеу

Бұл курста «Жазғы мектеп-2022» қатысушылары математикалық тұрғыда есептеу арқылы, түрлі фигураларды құрастырды. Сонымен қатар жіпті пайдаланып шардың пішінін істей алды. Логикаларын жетілдірді. Геометриялық фигураларды жасап қана қоймай, оларды қолданып, тақия құрастырды. Қыздар математикалық формула көмегімен түрлі белдемшелерді өлшеп тігуді үйренді.

– Жазғы мектепке келесі жылы да қатысқым келеді. Бұл сабақта мен топта жұмыс істеуді үйрендім. Математиканы қолдана отырып, цилиндр, пирамида және басқа әртүрлі пішінді бұйымдарды істей алдым, белдемшелерді өлшеп тігуді үйрендім. Осы күндер тез өтіп кетті, себебі класстағы атмосфера маған ұнады, – деді 7-сынып оқушысы Көркем Қасымбекова.

Сонымен қатар, оқушылар математика сабағымен «Оригами» қолөнер түрін байланыстыра алды. Зияткерлер Жапонияда бастау алған қағаздан әр түрлі пішіндер жасау өнерін меңгеріп, гүлдер, көгершіндер, пішіндер жасап үйренді.