Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Естай Оспанов математика пәні бойынша дәстүрлі II облыстық «Fact and Real for teachers» олимпиадасында топ жарды. Оқытушы І орынға тағайындалған 50 000 теңгеге ие болды.
Педагогтердің кәсіби шеберлігінің артуына ықпал ету мақсатында математика пәні мұғалімдеріне арналған «Fact and Real for teachers» олимпиадасы бір турдан тұрып, күрделі бес есепті шығаруды ұсынған. Қаланың беделді математика пәнінің мұғалімдері қазылық етті.
Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды NIS-тің жас маманы Естай Оспанов жеңіп алды. Сонымен қатар, Зияткерлік мектептен қатысқан тағы бір жеңімпаз ұстаз, Ерғали Хамзин, үшінші орынды иеленді. Мұғалімдер бір ауыздан жарыстың адал, яғни қатысушылардың есімдері жарыста жасырын жазылып өткенін атап өтті.
Естай Оспанов – сабақ берумен қатар магистратурада оқып жүрген жас ұстаз. Өзінің жеңісін тыңғылықты дайындығының жемісі деп біледі.
– Қазіргі кезде оқуыма көп көңіл бөліп, білімімді шыңдаудамын, магистр дипломын алған соң, оқушыларды математикалық олимпиадаларға дайындауды қолға аламын. Ғылыми математика саласын да зерттедім, өзім мұғалімдікті сүйемін, мықты шәкірттер тәрбиелегім келеді. Менің қызметімде өсіп, пысуыма тәжірибелі әріптестерім көп ықпал етуде. Тәлімгерім Бақыт Әлжанова да әрдайым ақылын айтып, білгенімен бөлісіп отырады, – дейді Естай Оспанов.
Білім сайысында қала және аудан мектептерінен келген жетпіс екі мұғалім бақ сынады. Қатысушылардың барлығына естелік сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.