Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өлеңдері көпшіліктің көңілінен шығып жүрген, жазба поэзияда өзіндік орны бар ақын, айтыскер Жәнібек Бейбітовпен кездесті. «Замандастар жырлайды» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шара «ә» дегеннен өлеңмен басталды. Ақын өзінің өмір жолын, өнер жолын өлеңмен өрнектеп айтты.⠀
⠀
Зияткерлер «Айтысқа қалай келдіңіз?», «Өнер жолы ауыр ма?», «Қандай жетістіктерге жеттіңіз?», «Қандай мезгілде өлең шығарған ұнайды?» деген сұрақтар қойды. Кеш қонағы оқушылар қойған сұрақтарға өлеңдетіп, мақалдатып жауап беріп отырды.⠀
⠀
Сонымен қатар кездесу барысында Жәнібек ақын домбырамен табан асты оқушыларға өлең шығарып, кездесудің шырайын кіргізді. Оқушылар да өз кезегінде қарап қалмай, бірінен соң бірі өлең оқып, кездесуді әдемі нотада аяқтады.