Ақтөбедегі NIS-те алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, зияткерлер білім ордасымен қайта қауышты. Биыл шаһардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің табалдырығын аттаған 144 жас жеткіншек үшін бұл күн аса маңызға ие. Білім күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара 800-ден аса оқушылардың басын қосып, мектептің 10 жылдық мерейтойын арқау етті.⠀– Биылғы жаңа оқу жылы мектебіміздің айшықты белесімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда бүгінгі Білім күнін Ақтөбедегі NIS-тің 10 жылдық мерейтойына арнадық. Алдымда тұрған мұғалімдер қауымы 10 жыл бұрын осы мектепті өз қолдарымен жуып, жаңа парталарды қойысып, ең бастысы – халықаралық деңгейге негізделген жаңа оқу бағдарламасын меңгерді. Сол ұстаздар Рустам Валеев, Санжар Хамитов сияқты дарынды балаларды оқытты. Енді балаларымыз халықаралық додаларда Қазақстанның атын шығаруда, – деді мектеп директоры Сауле Умербекова.
Жас ұрпақтың бойынан патриоттық сезімдерді қалыптастырып қана қоймай, оларды тәрбиелеуді мақсат еткен жиын барысында жүргізушілер биыл қазақ халқының біртуар перзенті Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің 125жылдығы екендігін тілге тиек етті. Қойылымдар нағыз рухқа толы болды, сап түзеген барабаншылар ырғақты әуенмен шараның сәнін келтірді.
Жыл бойы оқуда озат, өнер мен спортта өршіл болған оқушылар марапатталды. Мектеп директоры Сауле Умербекова NIS Ақтөбе түлегі, қазіргі олимпиада жаттықтырушысы Рустам Валеевке IGeO-2022 абсолютті жеңімпазы Санжар Хамитовты жаттықтырғаны үшін Күләш Шәмшидинова атынан алғыс хат пен арнайы сыйлықты табыстады.
Сондай-ақ бірқатар мұғалімдерге Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Сұлупан Шынтасова алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын тапсырды. Биылғы оқу жылында мектеп ұжымы жаңа қызметкерлермен толықты. Ал бүгінгі күннен бастап білімдерін Ақтөбедегі NIS-те жалғастыратын 7-сынып оқушылары өз «шаңырақтарымен» танысты.
Алғашқы қоңырауды беру құрметі Ақтөбе облысы бойынша «Өркен» білім грантының ең жоғары нәтиже – 1414 балл иегері Меруерт Дәрменова мен Республикалық және халықаралық олимпиадалардың абсолютті жеңімпазы Санжар Хамитовқа берілді.
– Бүгін Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектептің алғашқы қоңырауын соғу мәртебесіне ие болдым! Бұл мектепте білім алу менің арманым еді, үміткерлердің арасынан ең жоғары балл жинап, енді NIS зияткері атандым. Білім күні құтты болсын және барлығымызға жаңа оқу жылында сәттілік тілеймін! – дейді 7 сынып оқушысы Меруерт Дәрменова.