XVIII Халықаралық түркі әлемі қоғамдық ғылымдар конгресі

XVIII Халықаралық түркі әлемі қоғамдық ғылымдар конгресінде 🌱Ақтөбе қ. физика-математикалық бағытындағы НЗМ тарих пәні мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Назгүл Хаджи-Мұхан «Ақтөбе өңіріндегі ашаршылық мәселесі мерзімді баспасөз беттерінде» тақырыбында баяндама қорғады. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатындағы құжаттарымен жұмыс жүргізу барысында зұлмат жылдардың өлкеміздегі жүру барысы зерттеліп, 1931-1933 жылдары баспасөз беттерінде жарияланған материалдар сарапталды.
✔️«Степная крестьянская газета», ✔️«Актюбинская правда», ✔️«Стальной путь», ✔️«Казахстанская правда» газеттері негізінде жасалған зерттеу жұмысының тарихи маңызы зор.

– Сол кезеңдегі мерзімді басылымдарда Қазақстан бойынша ауылды кооперативтендіру, Сталин тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуын міндеттеу, республика бойынша егістік алқабы жоспарларының жүргізілуі сипатталған, алайда елде орын алған аштық, халықтың жаппай көшуі мүлдем жазылмаған, – дейді Назгүл Хаджи-Мұханқызы.


📌Жиын барысында зерттеу жұмысынан өзге өткір ұсыныстар да тасталды. 31 мамыр – ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп ресми бекітілген, десе де бұл шешіммен келіспейтін тарихшы нақты аргументтермен өз пікірін білдірді.

 

– Ашаршылық пен қуғын-сүргін оқиғалары әр түрлі кезеңде орын алды, олардың тарихы бөлек. Қазақстандағы аштықтан қаза болған адамдардың саны Украинадағы «Голодомор» оқиғасынан екі есеге көп, бұған нақты дәлелдер бар. Мәселен 2010 жылы Украина «Голодомор» оқиғасын халықаралық деңгейде көтеріп, саяси бағасын дүниежүзіне мойындатты, ал еліміздегі сұрапыл аштық туралы ақпараттар аз, кейбір материалдар игерілмей жатыр. Оларды зерттеу үшін құзырлы органдардың рұқсаты керек, – деп бөлісті тарихшы.

Сондай-ақ осы тақырып төңірегінде түрлі форматтағы басқосулар өткізіліп, қасіретті жылдарды еске алуға арналған мәдени нысандарды ашу туралы ойлар тасталды. Айта кетсек, пандемияға байланысты онлайн режимде өткен XVIII Халықаралық түркі әлемі қоғамдық ғылымдар конгресіне 300-ге жуық баяндама жіберіліп, өтініш беру көлемі рекордтық деңгейге жеткен. Конгресс 2003 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді.