«Yakutia International Science Games-2022» қатысушыларын 2018 жылдың жеңімпазы, Ақтөбедегі NIS түлегі Нұрдәулет Таумергенов қарсы алды

«Yakutia International Science Games-2022» халықаралық зияткерлік ойындарының қатысушыларын 2018 жылдың жеңімпазы, Ақтөбедегі NIS түлегі Нұрдәулет Таумергенов қарсы алды.

2018 жылғы зияткерлік ойындарда Нұрдәулет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған GloveSpeaker қолғабының көмегімен ымдау тілінен ауызша сөйлеуді синтездеу жобасын ұсынды.

— ХЗО-2018 байқауының жүлде қоры (бес мың доллар) бізге өнертабысымыздың үшінші прототипін әзірлеуге, кейіннен оны АҚШ-тың Аризона штатында өткен байқауда көрсетуге мүмкіндік берді. Біз жобаға авторлық құқық алдық, енді жобалық әріптесім Каренмен жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз, — деп жеңімпаз өз әсерлерімен бөліскен еді.

Нұрдәулет Ақтөбедегі NIS-ті өткен жылы аяқтап, бүгінде Гонконгтағы информатика факультетінде оқиды:

— Зияткерлік ойындар барысында балалар өз өнертабыстарын ұсынып қана қоймай, басқа қатысушылардың не жасап жатқанын көріп, тәжірибесімен бөліседі, ХЗО ғылымды түсініп, жаңашылдыққа жаны құмар креативті және ақылды ұрпақ тәрбиелеуге көмектеседі деп ойлаймын.

«Yakutia International Science Games-2022» халықаралық зияткерлік ойындары аясында өткен дәстүрлі «Туймаада» пәндік олимпиадасында NIS командасы табысты өнер көрсетті.