Ұлы Жібек жолында орналасқан Көкжар жәрмеңкесінің 155 жылдығына арналған шараның салтанатты ашылуына Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары да қатысты.
Көкжар – Қазақстан аумағында сақталған жалғыз жәрмеңке. Тек Ойылда сауда орындары, түбіртек-шығу құжаттарын сақтайтын комитет үйі, мешіт пен көпес үйі сияқты ғимараттар сақталған.
NIS шәкірттері экскурсияны Ойыл аудандық өнер-өлкетану мұражайынан бастады. Жәрмеңкеге барар жолда зияткерлер комитет үйінің, көпес үйінің, аурухананың тарихымен танысты. Балалар көне мешітке де барып көрді.
- Ойылға барғанда тәтті тағамдар, ұлттық киім киген жастардың арқасында өзімді Наурыз тойлап жатқанымдай сезіндім. Экскурсия жақсы ұйымдастырылды. Барып қайтуға ұзақ уақыт кеткенімен, қасымызда болған оқушылар мен мұғалімдермен уақытымызды қызықты өткіздік, – дейді жас зияткер Камила Өтеген.
Он бірінші сынып оқушысы Асқар Иван Көкжар жәрмеңкесінің, жалпы Ойылдың тарихы соншалықты бай болады деп күтпегенін мойындады. «Бұл сапар менің есімде ұзақ сақталады», – деді Асқар.
11 D оқушысы Әсия Бралина Ойыл сапарынан алған әсерімен бөлісті:
- Біз білмейтін көп мағлұмат алдық. Мысалы, Ойыл жерінде Асан-қайғы Жерұйық іздеді. Ойылда Халел Досмұхамедұлы қызмет еткен аурухана бар екен. Калашников автоматын алғаш ойлап тапқан адам да осында дүниеге келген. Көкжар жәрмеңкесі туралы да көбірек білдік. Әр сауда қатарының ұзындығы 400 метр, жарлары күйдірілген саз кірпіштен салынғандықтан, аптап ыстықта жәрмеңке іші салқын болатынын естідім. Жәрмеңке ғимараттарының бүгінгі күнге дейін сақталғаны таң қалдырады.
Мерекелік шарада 50 домбырашы күй орындады. Жәрмеңке аясында өткен облыстық жыршы фестиваліне, айтысқа Ақтөбеден ғана емес, көршілес Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан да әншілер келді. Этноауыл атмосферасы, сондай-ақ «Алтыбақан аясында» концерті жәрмеңке қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады.