Малайзияның Куала-Лумпур қаласында Lesson Study әлемдік ұйымы ұйымдастыруымен «Creating Lesson Study in Sustain Community and Providing Quality Education» тақырыбында үлкен конференеция өтті. 35 елден 700-ден астам мұғалімдер тіркелген шараға ақтөбелік NIS мұғалім Бақыт Әлжанова қатысты.
Конференция симпозиум, пленарлық және параллель бірнеше сессиялардан тұрды. Симпозиумда Lesson Study бойынша зерттеулер жүргізіп жүрген жапондық Тошия Чичибу, Пит Дадли және Куно Хироюки өз жұмыстарымен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Lesson Study қауымдастығы өз мүшелері арасында ғылыми ынтымақтастық, өзара көмек және ақпарат алмасу үшін платформа ұсынады. Оның құрамына білім беру саласының зерттеушілері мен оқытудың сапасын арттыруға ұмтылатын арнайы педагогтар кіреді.
Ақтөбе қаласындағы NIS атынан барған математика пәнінің мұғалім-сарапшысы Бақыт Әлжанова «Оқушылардың өз шешімін негіздеу дағдысын зерттеушілік тапсырмалар арқылы дамыту» тақырыбында баяндама оқып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
- WALS-2022 конференциясында ұсынылған тақырыптар сан алуандығымен ерекшеленді, әсіресе, оқушылардың жоғары ойлау дағдыларын дамыту, STEM технологиясы, CLIL стратегиясына қатысты болды. Өз зерттеуімде оқушылардың жыл сайынғы тапсыратын CITO мониторинг нәтижелерін, 15-жасқа толған оқушылардың PISA емтиханының нәтижелерін зерттедім. Осы тақырып бойынша менің Action Research бір жылға созылды. ⠀
Ұстаз қобалжымас үшін өзін Ақтөбеде педагогикалық кеңесте тұрғандай елестеткенін әзілдеп айтты.
- Тек шара аяқталған соң қаншалықты үлкен аудитория алдында сөйлегенімді сезіндім. Әріптестерім ағылшынша жақсы қорғадың деп айтты. Мен осындай мүмкіндікке ие болғаныма өте қуаныштымын. Lesson Study мамандары Тошия Чичибу мен Куно Хироюкилармен сөйлесе алдым, – деп ағынан жарылды Бақыт Әлжанова.