«Туған елге тағзым» жобасының төртінші күні: Қобда батырлар мекені

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Жанель Әділғазина Қобда ауданындағы тарихи ескерткіштердің танымдық-тарихи мәнін ашуды көздейді.

Туған өлкесінің тарихымен тереңірек танысу үшін Жанель Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы музей жұмысымен танысқан. Жиренқопа ауылындағы жоңғар мен қалмақтарға қарсы соғысқан, шамамен XV ғасырда өмір сүрген Қобыланды батыр атындағы мемориалдық кешенінде болган. Зияткер XIV ғасырдың соңы – XV ғасырдың бас кезінде салынған сәулет өнері болып табылатын Қобда өзенінің аңғарындағы Абат-Байтақ қорымына барды. Қорымда әр түрлі үлгімен, ою-өрнектермен, ішінара ру таңбалары салынған салынған құлыптастарды көргенін айтады.

– Қобда ауданының тумасы болғандықтан, өскен жерімнің танымал тұлғаларын, тарихи ескерткіштерін зерттеуді ұйғардым. Зерттеу жұмысы барысында мемориалды кешендерді аралап, батырлар жайлы құнды деректерді таптым, олардың өмірі жайлы мен білмейтін ақпараттарға кезіктім, – деп ағынан жарылды Жанель.