«Туған елге тағзым-2022» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы Ақтөбе NIS-те өз мәресіне жетті

Ақтөбе қаласы NIS-те «Туған елге тағзым-2022» экспедициясы өз мәресіне жетті. Ауқымды әрі патриоттық жобаның жабылу салтанаты мектеп акт залында өтті. Бес күнге созылған өлкетанулық саяхат барысында оқушылар Ақтөбе облысының батырлар мекендеген киелі жерлеріне, таңғажайып табиғаты мен табиғи ресурстарына бай өлкелерге саяхат жасап, өңірдегі отандық өнімдер шығаратын жетекші кәсіпорындарды аралады. Балалар мектеп зертханасында қызықты эксперименттер өткізіп, кітапханасында мазмұнды кездесулерге қатысты. Сонымен қатар кейбір балалар жатақхана жатақхана өмірімен алғаш рет танысты. Олар күнде тәрбиешілері ұйымдастырған ойындарға қатысып жүрді.

– Бұл жоба бірнеше ауқымды бағдарламаны қамтыды, себебі осы күндер ішінде облыста, қалада орналасқан тарихи, маңызды, өндіріс орындарына барып үлгердік. Жатақханада тұрған зияткерлер көңілді уақыт өткізді. Бес күнге созылған экспедиция барысында балалар татулығы артқандай сезілді, – деді «Желкен» шаңырағының кураторы Татьяна Султангалиева.

– Осындай қызықты және мазмұнды жазғы жоба үшін 9 Е сыныбының барлық ата-аналары атынан рахметімді айтамын. Менің балам экспедициядан үйге оралғысы келмейді, – деді Айпара Шуиншалина, «Туған елге тағзым-2022» жобасының қатысушысы Маликаның ата-анасы.

Айта кетейік, «Туған елге тағзым – 2022» ғылыми-өлкетану экспедициясы Ақтөбелік жас зерттеушілер үшін сәтті аяқталды.