Ақтөбедегі NIS «Туған елге тағзым-2022» қатысушылары Әбілқайыр хан, Едігі мен Сәңкібай батырларға орнатылған ескерткіштерге барды.
Зияткер оқушылар тарих пәні мұғалімі Райымбек Жұбаныштан кіші жүздің белгілі ханы, қазақ жасақтарының бас қолбасшысы болған Әбілқайыр ханның, Алтын орда дәуірінің тарихи тұлғасы, саяси стратег ретінде танылған Едігі батыр жайлы құнды деректер білді. Сонымен қатар Райымбек ұстаз балаларды Әбілқайыр ханның кеңесі құрамында болып, ханның жақын серіктерінің бірі атанған, «Шекті жылқысы» атты жылқы түрін өсірген би әрі бай болған Сәңкібай батырдың өмір жолымен таныстырды.
– Әбілқайыр хан қазақ жасақтарын бастап жоңғарлармен шайқаста бірнеше рет жеңіске жетті. Райымбек ағайдың айтуынша оның есімі тарихта жауынгер, мықты саясаткер ретінде сақталған. Осы жоба аясында мен Едігі батыр менің арғы аталарымның бірі екенін білдім, – деп баяндады 9-сыныпта оқитын Нұрзерек Қалмағамбетова.
Мұнда жиналған оқушылар даңқты тұлғаларға орнатылған ескерткіштерге барып, тарихтан осындай баяндамалар өтсе, жадында жақсы сақталатынын атап өтті. «Туған елге тағзым» экспедициясының құрамындағы жас зерттеушілер Ақтөбе аумағында жерімізді жаудан қорғаған талай баһадүрлердің, белгілі батырлар мекендегенін білді.