Ақтөбедегі NIS оқушысы Алишер Еркебаев «Түймаада» Халықаралық олимпиадасында қола медаль иеленді. Саха Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыратын жыл сайынғы жарыста ақтөбелік зияткер физика пәнінен қатысып, жоғарғы лигада үздіктер қатарынан көрінді.
– Бұл менің халықаралық деңгейдегі олимпиадаға алғаш қатысуым. Жауапкершілік сезімі өте үлкен, себебі қарсыластарым – Сингапур, Ресей, Румыния және т.б елдердің жас физиктері. Олимпиада онлайн форматта ұйымдастырылғанымен, ашық әрі әділ өтті, тапсырмалар да өзінше күрделі әрі ерекше. Бұл мен үшін жаңа жетістік қана емес, сондай-ақ елеулі тәжірибе болды, – деп бөлісті Алишер.

Бүгінде NIS желілік және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, халықаралық жарыстың жүлдегері атанған Алишер Еркебаев олимпиадағы қатысудың маңызды екенін айтады, сондықтан жаттықтырушысы Мират Оспановтың нұсқаулығымен алдағы жарыстарға дайындық жұмыстарын бастап та кеткен.
– Олимпиадаға дайындалу және қатысу оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін дамытып, ғылымға деген қызығушылықты оятады, ал болашақта әлемнің ең мықты жоғары оқу орындарына түсіп, сапалы білім алу үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл ұзақ уақытты талап еткенімен, нәтиже соған тұрарлық – дейді ол.
Айта кетейік, оқушылардың «Түймаада» Халықаралық олимпиадасы 24 шілде мен 3 тамыз аралығында қашықтан өтті. Жеті елден қосылған 250-ден астам қатысушы математика, физика және информатика пәндерінен ең күрделі есептерді шешуде бақ сынасты. Олимпиада қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары қоржындарын жеті медальмен толықтырды, оның ішінде бір алтын, екі күміс және төрт қола, сондай-ақ екі грамота бар.