Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында тоғызқұмалақтан V желілік спартакиадасы басталды. Жарыс 10-12 қазан аралығында онлайн түрде өтеді. Ақтөбе қаласындағы NIS намысын Асылжан Кәрібаев, Әсем Әділгереева, Алина Алиева және Назаралы Шурипов қорғайды.
Спартакиада PlayOk платформасында өтуде. Жарысқа Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 94 ойыншы қатысуда.
– Тоғызқұмалақ ойнауды алғаш рет әкем үйретті. Зияткерлік мектепке түскенде де тоғызқұмалақ үйірмесіне қатыстым. Бұл ұлттық ойын түрі стратегияны, көп ойлануды қажет етеді. Сонын арқасында математикалық қабілеттерім артты деп айта аламын. Желілік спартакиадаға екі жыл қатарынан қатысудамын. Бүгінгі турда елордалық ойыншыны жеңдім де, атыраулық зияткерге есе жіберіп қойдым, – дейді 12-сынып оқушысы Асылжан Кәрібаев.