Төтенше жағдайлар министрі Ақтөбелік Зияткерлермен кездесті

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді. Министр Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушыларымен кездесті.

Еркін форматта өткен басқосуда мектеп оқушылары министрге «қалай әскери адам болдыңыз?», «өмірдегі қиындықтарды қалай жеңуге болады?», «күніңіз қалай басталып, қалай аяқталады?», «мамандығыңызды қалай таңдадыңыз?», «төтенше жағдай саласында жұмыс істеуді жоспарлаған жастар қандай дағдыларды дамыту керек?» және т.б. өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Кездесуде Юрий Ильин инженер және заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алғанын, осы салада қызмет атқарып жүргеніне 25 жылдан астам уақыт болғанын, көп жағдайда ішкі түйсігіне сенетінін жеткізді. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған министр оқушыларды қашанда белсенді, зерек, өз арманына адал болуға шақырды.
Жылы жүздесуде балалардың барлық сұрағына жан-жақты жауап берген Юрий Ильин зияткерлік мектептің белсенді екі оқушысына қызықты сауалдары үшін өз атынан сыйлық табыс етті.

Ал білім ордасының басшылығы министрге әсерлі кездесу үшін ризашылығын білдіріп, оқушылар салған панто-картина мен кітап сыйға тартты.