Тамыз конференциясы аясында арнайы кәсіби алаңда NIS мұғалімдерінің білім беру үдерісіндегі ең табысты кейстері талқыланды. Ақтөбе қаласындағы Зияткерлік мектептен бірқатар мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ақтөбедегі NIS директорының орынбасары Айгүл Асанова оқушылардың ғылыми-зерттеу іс-әрекетіндегі тиімді қарым-қатынасы туралы ой қозғаса, физика пәнінің сарапшы-мұғалімі Мират Оспанов оқушыларды пән олимпиадасына дайындаудағы табысты тәжірибесімен бөлісті.
Ашық платформаның бірқатар сессиялары STEAM тренингіндегі жаңа идеяларға арналды. Биология пәні мұғалімі Гүлназ Оспанова Гуктың қаттылық заңы бойынша пластикалық бөтелкелерден кірпіш жасау жайлы жобасын таныстырды.
NIS тамыз конференциясының тағы бір тәжірибелік алаңы психологиялық және тәрбие қызметтерінің тиімді жұмысын ұйымдастыруға арналды. «Оқушылардың өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастырудағы ата-ана мен куратордың рөлі» тақырыбын педагог-ұйымдастырушы-куратор Татьяна Сұлтанғалиева көтерді.
Түрлі кәсіби жарыстарға қатысу арқылы халықаралық білім беру кеңістігінде өзін табысты көрсете білген спикерлер, оқыту дағдыларын дамытуға бағытталған өздерінің технологиялары мен жобаларымен, пәнаралық байланыстарды ұйымдастыру және оқушыларды ғылымға тарту тәжірибесін ортаға салды.
NIS тамыз конференциясы аясында «Сәтті тәжірибелер панорамасы» атты мұғалімдер байқауына арналған кейстердің онлайн көрмесі өтті. Зияткерлік мектептердің мұғалімдері алты бөлім бойынша жүзден аса қызықты жобалар, лайфхактар, әдістемелік авторлық және инновациялық тұжырымдар бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Ақтөбелік қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушылары Бақытгүл Әбдірова онлайн тапсырма құрудағы төрт лайфхакпен бөліссе, Марзия Танжарықова «Көркем мәтінді тұжырымдар негізінде талдау» тақырыбын ашып көрсетті.
Физика пәні мұғалімі Мират Оспанов өзге қалалардағы Зияткерлік мектеп ұстаздарымен біріге көптілді білім берудің жаңа қырларын аша отырып, CLIL.KZ онлайн платформасын құрды. Сайт мұғалімдер мен студенттердің өзара әрекеттесу алаңы ретінде қызмет етеді, әдістемелік құралдарды, тапсырмалар жинақтарын және пәндік-тілді кіріктірілген оқытуға арналған ресурстарды қамтиды.
Зәуреш Аязова «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» пәні бойынша оқу бағдарламасы негізінде жазылатын зерттеу жұмысымен бөлісті, Гүлнәр Қашқынбаева «Модельдеу» – биология сабақтарында шығармашылық ойлауды дамыту құралы ретінде қолданатынын айтты. Ағылшын және Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс пәндері мұғалімі Бану Куркутова бейнебаян жасау арқылы оқушылардың сөйлеуін дамытуды ұсынды.