Тәуелсіздік қарсаңында ақтөбелік ұстаз әкімнен марапат алды⁣⁣⠀

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қаланың дамуына еңбек сіңірген бір топ азаматқа Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуы құрметіне мерекелік медаль табыс етті. Жалпы саны 69 адам мерекелік медальге ие болды. Құрметке бөленгендер арасында Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің қосымша білім беру педагогы, «Тюльпан» арт-студиясының жетекшісі және Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Ильсияр Казакова бар.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Қала әкімі мерекелік шара қатысушыларын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады, олардың ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі мен үлесін ерекше атап өтті.⁣⁣⠀

⁣⁣⠀

Ильсияр Казакова еңбек жолын 1989 жылы қалалық көркемсурет лицейінде мұғалім болып бастаған. 1998 жылдан бастап ол өз суреттерін көрмелерге қоя бастады. Суретшінің 10-нан астам жеке көрмелері өтті және әртүрлі өнер жобаларына қатысқан. 2013 жылы Илсияр Казакова Суретшілер одағына мүшелікке қабылданды. Сол жылы Ақтөбеде Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылып, суретші мектеп базасында құрылған арт-студияның жетекшісі болып тағайындалды. Міне, 8 жылдан бері Ильсияр Казакова жас зияткерлердің бойына бейнелеу өнеріне деген сүйіспеншілікті оятып келеді. Оның ақжарқын мінезі мен жоғары кәсіпқойлығының арқасында сурет үйірмесіне жүздеген оқушылар қатысып, олардың өнерге деген өзіндік талғамы мен көзқарасы қалыптасты. Қазіргі уақытта оның «Қайырлы таң» картинасы Ә.Қастеев мұражайында қойылған. ⁣⁣⠀