Сұлулық сурет тілінде

Бұл мектебіміздің 11«Е» сынып оқушысы Ғалымжан Әлішердің туындылары. Туған өлкесі Хромтау қаласының сұлулығын фотосуреттер арқылы жеткізіп, 🌱Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Кіші туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экпедициясына өз жұмыстарын ұсынып отыр. Пандемияға байланысты қашықтан білім алып жатқан оқушымыз бос уақытында камерасын серік етіп, өңірдің табиғаты және тарихи-мәдени мұраларымен әлeyметтік желіде бөлісіп жүр.

– Бұған дейін, шыны керек, қаламда көз тартатын көрікті жерлер жоқ деп ойладым. Бірақ серуенге шыққанда суретке түсіріп көрдім, сол кезде маған кезіккен әр ғимараттан бір әдемілікті көруге болатынын түсіндім. Сондай-ақ ескі ғимараттардың, ескерткіштердің тарихымен танысып, өзім үшін жаңа дүниелер аштым, – дейді ол.

Әлішер бала кезінен фотоөнерге қызығушылық танытады, табиғат пен адамдарды суретке түсіргенді ерекше ұнатады. Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түскелі өзін фотограф ретінде де көрсете білді. ✔️Мектеп немесе жатақханада өтіп жатқан іс-шаралардың бірде-біреуін жібермей, қуанышты сәттерге толы естеліктерді жинап келеді. Осы орайда жатақхана ұжымы тарапынан Әлішердің суреттері қойылған 🔹шағын фото-көрме ұйымдастырылды.

– Оқушылардың еңбегі әр уақытта ыстық ықылас пен үлкен қошеметке лайық. Әлішердің түсірген суреттері, расымен де, өте әдемі әрі өзгеше. Жатақхананың сәнін келтіріп тұр. Алдағы уақытта да бұл көрменің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл балаларды шығармашылыққа баулып, мотивация беретініне сенімдіміз, – деп бөлісті жатақхана меңгерушісі Зульфия Байганиева.