IQanat хакатонының қатысушылары үшін SMM, мобилография, фото және бейне монтаждау курстары ұйымдастырылды. Үш облыстан келген 100 бала әлеуметтік желілерде қызықты контент түсіруді, видео түсірудің қыр-сырын меңгеріп, фото және бейне редакторлармен жұмыс істеуді үйренеді.
«Мобилография» деп аталатын телефонмен түсіру сабақтарында оқушылар гаджеттерді пайдалана отырып, фото және бейнелерді өңдеуге арналған түрлі мобильді қосымшалармен танысады, қызықты контент жасауды, суретке дұрыс түсіруді, бейнелерді өңдеуді үйренеді.
Қатысушыларға SMM туралы толық түсінік беру үшін «SMM-ді нөлден оқыту» шеберлік сыныбы өтуде. Ол курсты жүргізетін Бақытгүл Әбдірованың өзі Instagram мен YouTube желілерінде мұғалімдердің өсуі мен дамуы туралы блог жүргізетін қазақ тілі пәнінің мұғалімі.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде Instagram, YouTube, TikTok сияқты платформалар өте танымал, соның арқасында жеке брендті дамытуға мүмкіндік туды. Қатысушылардың бұл бағыттағы қызығушылықтары өте зор екеніне қуаныштымын. Теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алады деп ойлаймын, – дейді ұстаз Бақытгүл Әбдірова.
Бірінші сабақта жігіттер SMM түрлерімен және негізгі ұғымдармен танысты: ниша, икигай, мақсатты аудитория, таргетолог, сайтолог, копирайтер, слоган, контент-менеджер, маркетолог, сегмент, дизайн, жеке блог матрицасы, жеке бренд.
– Мен бүгінгі өткен курста өзім бұрын соңды естіменген ерекше мәліметтер алдым. Ең бастысы, «SMM» ұғымына түсіндім. Бұл
саламен айналысуға жауапкершілік, жақсы мобильді құрылғы, білімділік және ниеттің болуы керектігін білдім. Сонымен қатар, өзіңнің аудиторияңды жинау үшін бағыт таңдау керектігін ұқтым, – деп бөлісті атыраулық Әсел Ерсайн.
«Бейне және фотомонтаж» курсының бағдарламасы фото және бейне өңдеу бойынша практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған. Студенттер осы салада негізгі білім алады және өз бетінше жобалар жасай алады. Курс жаттықтырушылары Максим Мацина мен Шадияр Тажгуразов жас бейнеоператорлардың сюжеттік тақта мен түсіру техникасымен, камераның баптауларымен танысқандарымен бөлісті. Теориялық бөлімнен кейін студенттер бейнебаянды одан әрі түсіру және монтаждау үшін сценарий жазуға кірісті.
Балалар фотошопта қабаттармен жұмыс істеуді, графикалық редактордың әртүрлі құралдарын (лассо, штамп, щетка) пайдалануды үйреніп қана қоймайды, сонымен қатар бейне редакторларымен, хромакеймен, атап айтқанда, бейнені қию, біріктіру, бөлектеу, мәтін мүмкіндіктерімен жұмыс істеуді үйренеді, – дейді информатика пәнінің мұғалімі Шадияр Тажгуразов.