Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Санжар Хамитов АҚШ-тың Bowdoin университетінде «Жер туралы ғылым» мамандығына оқуға шақырту алды.
Шақыртуды алу үшін жоғары сынып оқушылары арнайы емтихандар тапсырады. SAT Reasoning емтиханының қорытындысы бойынша Санжар 1520 балл, ал IELTS-тан 8,5 балл жинады. Оның географиядан халықаралық олимпиадалардағы жетістіктерін де атап өткен жөн. Әлемнің 54 елінен келген 216 оқушының арасында IGeO бойынша абсолютті бірінші орын, әрине, оның оқуға түсуіне ықпал етті.
Санжардың білімі университет деңгейінде география, экология және саясатты оқуға мүмкіндік беріп, арманындағы университетке түсу мүмкіндігін арттырды. 12-сынып оқушысы оқуын жалғастыру үшін Bowdoin университетін таңдады. Өйткені бұл білім ордасы Америка Құрама Штаттарының солтүстік-шығысындағы Мэн штатында орналасқан, онда Санжар оқып қана қоймай, жартасты жағалауларымен, теңіз тарихымен және шыршалы гранитті аралдарымен, алғашқы табиғат орындарымен танымал аймақты зерттеуді жоспарлап отыр.
– Мен бұл университетке құжат тапсырған себебім, біріншіден, бұл қоршаған ортаны қорғау саласындағы әлемдегі ең үздік университеттердің бірі. Жер туралы ғылымдармен байланысты көптеген бағдарламалар бар, екіншіден, студенттер ғылыми-зерттеу жұмыстары ретінде Гренладния мен Исландияға тәжірибеге жіберіледі. Сонымен қатар Bowdoin талапкердің қаржылық жағдайына (need-blind) қарамайтын, тек білім мен жетістіктерге қарайтын АҚШ-тың жеті университетінің қатарына кіреді.Мен мұнда түскен жалғыз қазақстандықпын, – деді Санжар Хамитов.
Сондай-ақ, Bowdoin College оған жылына 80 000 АҚШ долларын қаржыландыруды ұсынды. Бұл сома оның оқу ақысын, тұруын, тамақтануын және медициналық сақтандыруын қамтамасыз етеді.