РЕСЕЙДЕГІ ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ АҚТӨБЕДЕГІ NIS-ТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЛАГЕРЬДЕ

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінде «Ана тілі әлемі» халықаралық тілдік лагері өтуде. Жазғы лагерьде Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласы мен Орынбор, Ор, Саратов, Омбы, Челябі облыстарында, Алтай, Татарстан Рес-публикаларында тұратын қазақ отбасыларының балалары демалуда.

 

Ресейде тұратын 31 этникалық қазақ баласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ тілінде сауатты жазуға және оқуға үйренуде. NIS-тің мықты педагогтары қандастарымызға ұлтымыздың салт-дәстүрі, тари¬хы мен мәдениетін де түсіндіруде.

Сабақтан тыс уақытта лагерь қатысушылары аймақтын тарихи-мәдени орындарын аралап, салт-дәстүрлермен танысуда. Ұйымдастырушылар балалар демалысында қаланың, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын дамытуды көздейді. Орынборлық Раушан Күзембаева қазақша түсінетінін, тек сөйлегенде қиналатынын айтты. Раушанның айтуынша ата-анасы өзара қазақша сөйлеседі.

– Мен бұрын қазақ тілін үйренуге талпынбайтынмын. Ата-анамның қазақша айтқанын түсінемін, бірақ олармен әңгімемізді жалғастырмайтынмын. Енді болашағым үшін қазақ тілін үйренемін. Ақтөбедегі NIS мұғалімі Рабиға Сүлейменқызы келген бойда қазақ тілінде амандасып, атымызды, жасымызды айтып үйретті. Мақал-мәтелдерді жаттадық. Қазақша сандарды жазуды да меңгеріп алдық, – дейді Раушан Күзембаева.

Раушан Димаш Құдайберген оқыған музыкалық колледждегі ұлттық аспаптарды көріп, олардың үнін естігенде бір тылсым күш, патриоттық сезім бойын билегенін айтты. «Жетіген мен домбырада ойнап үйренсем екен» деп ағынан жарылды.

Атамекеніне Челябіден келген Сабина Бисимбаева да «Ана тілі әлемі» халықаралық тілдік лагеріне келгеніне қуанышты. Оның Ақтөбеге тіл үйренуге келуіне туған апасы мұрындық болғанын жеткізді.

– Апам маған «қазақ тілін міндетті түрде білуін керек» деп айтты. Оны тыңдап, жазғы лагерьге келгенім жақсы болды. Қазақша үйренгеннен бөлек киелі жерлерге саяхаттап, мұражай, театр, колледж, университеттерге барып, сауда және ойын-сауық кешендерінде қыдырып жүрміз. Құрт пен бауырсақтың жасалу жолын білдік. Маған ең қатты ұнағаны – «Ақтөбе – Астана» футбол командаларының арасындағы тартысты ойыны. Мен ешкімге жанкүйер болған жоқпын, туған жерде кім ұтса да бәрібір болды. Орталық стадионда өткен матчтан өте қатты әсер алдым. Қасымдағы балалардың кейбірі ойында жылап та алды, – дейді Сабина.

Қаланың кешендерің аралап, тарихымен танысқан соң, «Ана тілі әлемі» халықаралық тілдік лагері демалушыларының кешкі уақытын тиімді әрі көңілді өткізу мақсатында күнде жатақханада балаларға ұлттық ойын түрлерінен жарыстар, қолөнерден шеберлік сағаттар, активитилер өткізіледі. Зияткерлік мектептің акт залында «Қазақфильм» киностудиясының «Анаға апарар жол» көркем фильмі көрсетілді. Жатақхана тәрбиешілері балалардың фильмді қызыға тамашалағанын тілге тиек етті.

Балалардың өз Отанының тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білуіне Ақтөбе облысы әкімдігі қолдау көрсетуде. Халықаралық лагерь Ақтөбе және Орынбор облыстарының арасындағы ынтымақтастық Меморандумы аясында ұйымдастырылуда.