«Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы»

Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз мәресіне жетті. 1500-ден астам қазақстандық мұғалімдер мен ғалымдар, сондай-ақ Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланды, Жапония, АҚШ, Австралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария елдерінің белгілі педагогтері жиналған конференцияға Ақтөбедегі NIS-тен де бірқатар мұғалімдер қатысып, өз зерттеу жұмыстарын ұсынды.

Ақтөбедегі Зияткерлік мектебінің директоры Сәуле Өмірбекова бастаған делегацияға ағылшын, математика, химия, биология, информатика пәндері оқытушылары енді. Ұстаздар ұсынған баяндамалар, презентациялар мен постерлер педагогтар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Мұғалімдер пленарлық секцияларға да қатысып, тәжірибе алмасып, білімдерін толықтырды.

Жаратылыстану сабақтарында дифференциалды оқытуды зерттеген ақтөбелік ағылшын пәні мұғалімі Бану Куркутова осы тақырыпта 2 жыл ізденгенін айтты:

– Конференция қатысушылары презентациям аяқталған соң көп сұрақтар қойып, дифференциалды білім беру бойынша оларға әдістемелік нұсқаулар мен оқу құралдарын жасап шығаруға ұсыныс тастады. Алдағы уақытта сонымен айналысамын. Конференция жылдағыдай жоғары дәрежеде өтті, шетелдік спикерлердің, жергілікті мұғалімдердің баяндамаларын тыңдадым, пленарлық отырыстарға қатыстым. Маған сабақ берген Кембридж университетінің профессорын көріп, сөз алмастық.

Орал қаласындағы NIS директоры Айдарбек Айтпукешев ақтөбелік математика мұғалімі Альфия Медведева сөйлеген секцияда модератор болып, оң бағасын берді. Ол өз сөзінде тақырып бойынша терең зерттеу жүргізілгенін атап өтті. Мұғалімнің зерттеуінде жұптық салыстыру әдісі және Пирсонның дәрежелік корреляция коэффициенті қолданылды. Осыған ұқсас зерттеулерде математикалық мәліметтерді өңдеудің басқа әдістері қолданылатын, ал бұл зерттеуде ұстаз жұптық салыстыру әдісін қолданған, сондықтан бұл – ерекше жаңалық болып табылады.

Математика мұғалімдері Ғазиза Елешова мен Жанар Қарымсақова темперамент бойынша саралап бөліп оқыту білім сапасына қалай әсер ететінін баяндады. Химия, биология оқытушылары Жанна Хайбулина мен Людмила Трубникова оқушыларда жүйелік ойлауды дамытудың жолдарын ұсынды. Ағылшын пәні ұстаздары Айгүл Қойшыгарина мен Луиза Бижанованы «Жазу барысында 9-10 сынып оқушыларының дәлелдеу дағдыларын дамыту» тақырыбы қызықтырса, математика мұғалімдері Бақыт Әлжанова, Ерғали Хамзин 9-10 сынып оқушыларының жоғары ойлау дағдыларын қалыптастыруда міңез-құлқы қалай әсер ететінін зерттеді. Ал информатика пәні ұстаздары Бауыржан Шоқанов «Цифрлы мұғалім: қайта жүктеу. Миф: Бағдарламалау – тек информатика», Ақзат Қауысова «Компьютерсіз бағдарламалау мүмкін емес» тақырыптарындағы идеяларын алға тартты.