Облыстың жас мұғалімдері жастар алаңында

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Жастар алаңы» атты жас мұғалімдердің облыстық семинары ұйымдастырылды. Шараға қала және ауыл мектептерінде қызмет ететін 45 жас ұстаз қатысты.

– «Жас ұстаз-табысқа апарар жол» облыстық форумынан кейін жас ұстаздар клубы өз жұмысын бастады. Біздің идеямызды алдымен Мұғалжар өңірінің өкілдері қолдап, кейін қала мектептерінің жас мұғалімдері қостады. Бүгін біз Зияткерлік мектеп базасында жастар зертханасын өткізіп жатырмыз. NIS мұғалімдері шеберлік сабақтарын өткізді, педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері сабақты қалай дұрыс өткізу керектігін үйретті, – дейді Педагогикалық шеберлік орталығы Ақтөбедегі филиалының директоры Тауиля Акимова.

Форумға қатысушылар «Эмоционалдық интеллект мұғалімнің ресурсы ретінде», «Тиімді кері байланыс алуға қажетті әдістер», «Оқушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған ресурстармен жұмыс» тақырыптарындағы шеберлік сабақтарына қатысып, түрлі тренингтер арқылы кәсіби дағдыларын шыңдауға мүмкіндік алды. Тақырыптық алаңдарда жас мамандар білім беру үдерісіне қатысты туындаған мәселелерді талқылап, өзара пікір-тәжірибе алмасты. Шара Quiz форматындағы интеллектуалды ойынмен жалғасты.

– «Жастар алаңы» зертханасының жұмысы облыстық деңгейде өте жақсы өтті. Көтеріңкі көңіл күйде жаңа, тың ақпараттар алып, әдіс-тәсілдермен танысып жатырмын. Зияткерлік мектептің қызметін көріп, тәжірибесін зерделедік. Бұл шара жас ұстаздардың жұмысына тың серпін беріп, инновациялық шешімдерді енгізуге жол ашады деп ойлаймын, – дейді Мұғалжар ауданы, А.Жұбанов атындағы мектептің мұғалімі Айтқали Елемес.