#NISAqtóbe оқушылары бүлдіршіндерді жазатайым оқиғалардан сақтап қалатын «ақылды» терезе жасап шығарды

Ақтөбе қ. физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Айкен Алтай және Айдана Кенжебаева 💡«Sаvvy Window» жобасын сәтті аяқтап, баламасы жоқ өнертабысқа авторлық құқық алды. Көпқабатты үйлерде тұратын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін терезеде арнайы механимз жасақталған.

– Терезеде орнатылған құрылғы 90 см аумақтағы қозғалысты сезеді. Бала терезеге жақындаған сайын ультрадыбыстық датчикетер іске қосылып, оны лезде жауып тастайды. Осылайша балақайлардың өмірін сақтап қалуға болады, ал терезені қайта ашу үшін матрицалық пернетақтаға құпия сан енгізу шарт, – дейді жоба авторының бірі Айкен Алтай.

Әр елде байқалатын қауіпсіздік мәселесін арқау еткен зияткерлер жобаны информатика пәні мұғалімі Ақзат Қауысова және физика пәні мұғалімі Мират Оспановтың жетекшілігімен жасады. Олардың айтуынша, ✔️«ақылды» терезе тек көпқабатты үйлерде ғана емес, мектеп және балабақша үшін де қолайлы.

– Жаз айы басталғанда балалардың терезеден құлап кету дерегі көп тіркеледі. Бір жылдан астам уақыт бұрын идеяны іске асыру жолын іздедік. Ал «ақылды» терезені бір айда жасадық. Дәл осы жоба елімізде жоқ. Оқушылар авторлық құқықты иеленді, – деп бөлісті жоба жетекшілері.

Өнертапқыштар автоматтандырылған жүйелі жобаға алдағы уақытта толықтырулар енгізіп, патент алуды көздейді.