NIS желілік олимпиадасы: үшінші күн

Желілік олимпиаданың үшінші күнінде зияткерлер математика және информатика пәндерінен сынға түсті. Білім додасына оқушылар жан-жақты дайындалған. Логикалық және пәндік тапсырмалармен қатар, бағдарламадан тыс материалдар да негізге алынған. Республикалық олимпиаданың жылма-жыл жетілдіріліп, күрделендірілетіндігіне қарамастан, оқушылар білім деңгейлерін толықтай көрсеткендігіне сенімді.


⁃ Мен олимпиадаға информатика пәнінен қатыстым. Былтырғы жылы мектепішілік кезеңнен өтпей қалдым. Ал биыл алдыма айқын мақсат қойып, жеңіске жетуді көздеп отырмын. Сол үшін де дайындығымды күшейтіп, өткен және жоспарда тұрған бағдарламаларды игердім. Информатика пәні бірнеше ғылымның басын тоғыстыратындықтан өте қызықты. Болашағымды да дәл осы салада елестетемін: алдағы уақытта үздік IT маманы атанғым келеді, – деп бөлісті 9 сынып оқушысы Нұрболат Мираш.


Ал математика пәнінен бірінші рет желілік олимпиадаға қатысқан Мирас Мәліктің айтуынша, жарыс оңайға соқпаған, десе де өзін үздік үштік қатарынан көретініне сенеді.


⁃ Желілік олимпиадағы қатысу әр оқушы үшін үлкен жауапкершілік пен мүмкіндік. Алғаш рет қатысқандықтан шығар, бойымда біраз үрей болды, алайда өзіме деген сенімділік, маған артылған мол үміттің арқасында жақсы нәтижеге жетуге тырыстым, – дейді зияткер.


Айта кетейік, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші кезеңі NIS-те 22 ақпан мен 3 наурыз аралығында өтеді. Зияткерлік мектептердің 700-ден астам жоғары сынып оқушысы 15 пән бойынша желілікте бақ сынайды.