Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі жалғасын тапты. Бүгін зияткерлердің тілдерді меңгеру деңгейі сарапқа салынды. Сондай-ақ қазақ тілі және орыс тілі пәндерінен өткен олимпиадада креативтілік те баса назарға алынған. Тіл білудің болашақтағы маңыздылығын ескеріп, гуманитарлық бағытта сайысқа түскен жоғары сынып оқушылары олимпиада жеңімпазы атануды мақсат етіп отыр.
Биылғы жыл түлегі Нұрбике Қартбаева қазақ тілі мен әдебиеті пәніне ерекше қызығушылық танытады, шығармашылыққа жаны құмар. Болашақта медиа саласының маманы атанғысы келеді. Тілдік олимпиадалар мен жарыстарға белсене қатысып, жүлделі орындар иеленетін Нұрбике бүгінгі білім алаңындағы додаға да сақадай сай.
⠀
⁃ Олимпиадаға қатысудың өзі мен үшін үлкен мотивация. Журналистика мамандағын таңдап отырмын, болашақта қазақ журналистикасы мен қазақ тілді медианы дамытып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосқым келеді. Білімім мен тілдік машықтарымды жетілдіруде олимпиадалардың берері мол, – дейді Нұрбике Қартбаева.
⠀
Айта кетейік, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші кезеңі NIS-те 22 ақпан мен 3 наурыз аралығында өтеді. Зияткерлік мектептердің 700-ден астам жоғары сынып оқушысы 15 пән бойынша желілікте бақ сынайды.