NIS желілік олимпиадасы: екінші күн

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың екінші күні сәтті өтті. Зияткерлер физика және география пәндері бойынша білімдерін сынады. Екі кезеңнен тұратын білім жарысына оқушылар үлкен дайындықпен келген. Арасында олимпиадаға алғаш рет қатысып жатқан зияткерлер де бар. Айдана Айтөре мектебіміздің 8-сынып оқушысы. Өзінің алғырлығы мен біліміннің арқасында жоғары сынып материалдарын игеріп, желілік жарысқа жолдама алған.


⁃ Олимпиадаға бірінші рет қатысуым, бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Желтоқсан айында дайындықты бастап кеттік, жетекшім Мират Қорғанбекұлымен 9-сыныптың барлық бағдарламасын қамтыдық, қиын тұстары болғанын жасырмаймын. Жақсы нәтиже көрсететіндігіме сенемін, ал олимпиаданың пандемияға байланысты қашықтан өткендігі, әрине, өкінішті, – дейді Айдана Айтөре.


Қатарда халықаралық деңгейдегі білім додаларына қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген оқушылар бар. Зияткерлердің айтуынша, олимпиада ойдағыдай өткен және олар жылдар бойы жинаған тәжірибе жоғары нәтиже береді деп сенеді.


⁃ Желілік олимпиада қызықты өтті. Бірінші кезеңді 30 минут ішінде аяқтадым. Ал екінші тур жазбаша форматта болғандықтан уақыт сәйкесінше көбірек кетеді. Өзіме сенімдімін. Дайындығым да әдеттегідей жақсы. Бұған дейін де география және математика пәндерінен қатыстым, – деп бөлісті ақтөбелік зияткер Рустам Валеев.


📌Айта кетейік, NIS-тің желілік олимпиадасында 700-ден астам оқушы білімдерін сарапқа салады. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші кезеңі NIS-те 22 ақпан мен 3 наурыз аралығында өтеді.