NIS оқушысы дюздодан өткен облыстық біріншілікте жеңіске жетті

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай дзюдодан өткен ашық облыстық біріншілікте мектебіміздің 7 «D» сынып оқушысы Имран Садакбаев жүлделі I орынды иеленді. 38 келіде татамиге шыққан жас спортшы үш айналымды да уақытынан бұрын айқын басымдықпен жеңген.

Жеңіс менікі екеніне күмәнім болған жоқ, десе де финалдық белдесуде қарсыласым мықты болып шықты. Күн сайынғы дайындық пен жаттығулардың, спортқа деген сүйіспеншіліктің арқасында жеңімпаз атанып отырмын. Мені қолдаған жаттықтырушым мен ата-анама алғыс білдіремін! – дейді дзюдошы.

Бүгінде дзюзодан көк белбеу иегері Имран Садакбаев спортқа 5 жасында келген. Алдымен кудо спортында бағын сынаған ол Қазақстан Чемпионы атағын алған, қоржынында 30-дан аса алтын, күміс және қола медаль бар. Кудо спорты олимпиада ойындарының тізімінде болмағандықтан, дзюдомен айналысуды жөн көрген. Оның айтуынша, спорт – адам өмірінің ажырамас бір бөлігі.

Маған спортпен шұғылданған өте ұнайды: денің сау әрі мықты боласың. Ал жарыстарға қатысу – мотивация береді, ерік күшін жетілдіреді. Бұл тұлға болып қалыптасу үшін өте маңызды. Мен болашақта архитектор атанғым келеді, алайда спортпен айналысуды тоқтатпаймын, керісінше, өзімнің замандастарымды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, – деп бөлісті зияткер.