Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында ғылыми жобалар желілік байқауының ашылу салтанаты өтті.
Назарбаев Зияткерлік мектебі жұмысының маңызды бағыттарының бірі – дарынды балалармен жұмыс, және ол жұмыс оқушылардың ғылыми жарыстарға, олимпиадаларға қатысуын көздейді. Мектепішілік ғылыми олимпиадалардың қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасындағы ғылыми жобалардың желілік байқауына қатысу үшін үздік жұмыстар іріктелді.
Байқау 1-6 қараша аралығында қашықтықтан өтеді. Байқауға еліміздің барлық Зияткерлік мектептерінен 300-ден астам оқушысы қатысып, 264 жоба ұсынады. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен 18 оқушы бақ сынауда.
Зияткерлер «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде», «Экономикалық және әлеуметтік процесстерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – «Казақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері мен перспективалық туристік бағдарлар» секілді төрт бағыт бойынша жарысады.
Желілік ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Республикалық ғылыми жобалар байқауының келесі кезеңіне жолдама алады.