Ақтөбедегі NIS информатика пәні мұғалімі Асқар Бедер АҚШ-та тағылымдамадан өтті. The George Washington University әлемнің үздік 200 университеттерінің қатарына кіріп, Принстон шолуы бойынша «Ең жақсы тағылымдамадан өту мүмкіндіктері» бойынша АҚШ-та №1 орында тұр. NIS ұстазы бұл университетте жарты жыл көлемінде «Педагогика» мамандығы бойынша білім алып, тәжірибе жинақтады.
Тағылымдама барысында Асқар Алматұлы АҚШ-тың білім беру жүйесіне қатысты бірқатар тақырыптардың басын ашып, жоғары оқу орындарының қалай ұйымдастырылғанын көргенін айтты.
– Американың оқу бағдарламаларынан бастап, мектептеріндегі білім жүйесіне дейін таныстық. Мені ерекше қызықтыратын тақырыптар арасында – PBL білім беру,мектеп рейтингтері, әртүрлілік, теңдік және инклюзия, босқындардың білім алуы да болды. Бұл жайттар мені бұрыннан ойландыратын және бұл тақырыптарды басқа жағынан қарастыруға және олардың Америкада қалай ұйымдастырылғандығын көруге мүмкіндік алдым. Біздің білім беру жүйелеріміздің ұқсас тұстары да кездеседі, түбегейлі айырмашылықтары да бар, – дейді Асқар мырза.
Жас ұстаз тағылымдама бағдарламасына және жоспар-кестесіне сәйкес АҚШ-тың мектеп және жоғары оқу жүйесімен танысуды, білім берудегі технологияны тиімді басқаруды және енгізуді, жобаға негізделген оқытуды меңгеріп (PBL), мектеп және жоғары оқу орнындағы студенттерге бағытталған педагогиканы тереңірек меңгеруді мақсат еткен:
Қойылған мақсаттарға жету үшін университеттің оқу кестесіне сәйкес лекциялар, практикалық сабақтар және өзіндік жұмыстар жасадық. Сабақтарды мықты профессорлар жүргізді. Тағылымдамадан өтіп жатқан әр стипендиат өз зерттеу тақырыптарын таңдап, соған байланысты жеке жұмыстар жасауға кіріскен болатын. Қорытындысында әрқайсысы өз жұмысын профессорлар, ғылыми жетекшілер мен өзге студенттер алдында үш реттен қорғады. Біріншісі – жалпы бағдарламадан алған білімдері бойынша, екіншісі – өз зерттеу тақырыптары бойынша, ал үшіншісі – академиялық жазылым курсының нәтижесі бойынша болды.
NIS маманы зерттеу жұмысы ретінде «Мұғалімнің шәкіртке артқан сенімі оқушының өзіне деген сенімін қалай өзгертеді?» тақырыбын таңдаған. Асқар Алматұлы профессорлардың зерттеу жұмысы академиялық түрде қалай дұрыс жазу керектігін түсіндіріп, тексеріп, кері байланыс бергендері арқасында академиялық жазу дағдылары жақсарғандығын жасырмады.
8 жыл бұрын Зияткерлік мектепке тәжірибе өтуге келген студент бүгінде информатика пәні мұғалімі. Өткен жылдары әдіскер лауазымында қызмет етті. Оқушылары республикалық, халықаралық олимпиадалар мен жобалық жарыстардың жеңімпаздары.
Бірер айдан кейін мектебімізге 10 жыл толады. Осы орайда Асқар Алматұлы NIS Ақтөбе Гарвард университет секілді танымал, алдыңғы қатарлы білім ордасына айналуын тілейді.