NIS Ақтөбе оқушысы Санжар Хамитов оқу ағарту министрімен кездесті

Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлерін салтанатты түрде марапаттады. Олардың ішінде география пәні бойынша халықаралық олимпиаданың абсолютті алтын медалін жеңіп алған Ақтөбедегі NIS оқушысы Санжар Хамитов та бар. Зияткер 54 мемлекеттен қатысқан 200-ден аса баланың арасынан үздік атанды. Бұл ел тарихындағы осы олимпиададағы екінші алтын медаль.

Президент тапсырмасымен Санжарға 4,7 млн теңгеге сертификат табысталды. Бұл мемлекет басшысының дарынды балаларды ынталандыру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмасынан кейін мүмкін болды.

– Еліміздің мақтанышына айналған осы 27 оқушының ішінде Санжар Хамитов та бар. Мұндай білімді, талантты балаларға қолдау көрсетілгеніне қуаныштымын. Себебі бұл жетістіктерге жету жолында Санжар бірнеше жыл бойы тынбай оқыды, дайындалуын тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде жемісін көруде, – деді Сауле Умербекова, Ақтөбедегі Зияткерлік мектеп директоры.
Асхат Аймағамбетов биылғы жылы олимпиада жеңімпаздары алғаш рет ақшалай сыйлық алғанын атап өтті. Министр дарынды балалардың ата-аналарына алғыс хаттар табыстап, оқушыларды дайындаған ұстаздар да біржолғы ақшалай төлем алатынын айтты. Сондай-ақ жеңімпаз оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар алды.