NIS Ақтөбе оқушылары шетел фильмін қазақша сөйлетеді

Ақтөбе NIS оқушылары «Клаус» мультфильмін қазақ тіліне аударып, дыбыстады. Бұл фильм Зияткер оқушылардан құралған «Qmovie» аудару және дыбыстау клубының алғашқы туындысы. Фильмді дыбыстауға 60-қа жуық адам ат салысты.

«Qmovie» клубы – Қазақстандағы оқушылардан құралған алғашқы аудару және дыбыстау тобы. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында ашылған аудару және дыбыстау клубындағы оқушыларды қазақша контенттің, қазақ тіліне аударылған фильмдердің аздығы алаңдатады. Клубтың өзінің басқарма ұйымы бар. Ондағы оқушылардың әрқайсысы белгілі бір міндеттерге жауапты.
– Негізі клуб құру идеясы бір оқушыдан қазақша киноны көрген қызық емес екенін естігеннен пайда болды. Өзекті мәселелерді айқындай келе, қазақ тілді жаңа контент жасауды ұйғардық. Кинотеатрда көрсетілген кинолардан қазақша субтитрлардың дұрыс болмауы, қазақша контенттің аздығы, қазақ тілінің күнделікті өмірде қолданысы азаюы толғандырды, – дейді жобаға мұрындық болған оқушылардың бірі, 9-сынып оқушысы Жігер Серік.
Экрандағы кейіпкерді дыбыстау – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өткен жылдың соңында ашылған аудару және дыбыстау клубының бұл жұмысы 3 айға созылды. Клуб мүшелері дыбыстаушылар мен аудармашыларға арнайы кастинг жариялады. Себебі дубляждың сәтті болуының көп бөлігі аударманың сапасы мен дыбыстаушының дауысына байланысты. Нәтижесінде 6 оқушы аударып, 60-қа жуық адам дыбыстады. Арасында ұстаздар да бар. Бір адам бірнеше рөльді сомдады. Дубляждың шарықтау шегі – дыбыс және видео монтаждаушылардың еншісінде болды.
Қазір «Клаус» мультфильмінің қазақша нұсқасы Itube желісіне жіберілді, сайт модераторлары тексерген соң жұртшылыққа жол тартады.
Мектеп оқушыларының мультфильмді таңдауының себебі – кішкентай бүлдіршіндерді қазақ тілінде сөйлеуге үйрету. Оқушылар аудиторияларының үлкен болатынына сенімдері мол, бірақ әзірге тек мультфильмдерді аударуды шешті. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деп мақалдап жауап берді 9-сынып оқушысы және клубтың үздік дыбыстаушысы Айсұлу Шықыраева.
Клуб мүшелері алдағы уақытта дыбыстауды дамытқылары келеді, осы кезде келесі жоба талқылану үстінде.
– Ентігіп айтатын жерлерде физикалық жаттығулар жасап, сол бойда дыбыстадық. Дыбыстаушылардың жұмысының қиындығын ұғындық. Аударманың келмей қалатын кездері болды. Бірнеше рет дыбыстап, әбден жаттап алдық. Рөльге кіріп, жаттанды болмауы үшін шынайы дыбыстауға тырыстық – деді басты рөльдегі Мирас Қалдығұлов.
– Болашақта басқа Зияткерлік мектептерге клуб мақсатын насихаттап, «Qmovie» сынды жобалардың бастау алуын қалаймыз. Ақтөбедегі орта мектептерге Клаусты көрсету жоспарда тұр, – деді Самал Талғатқызы, NIS Ақтөбе музыкалық-көркемдік жетекшісі.
«Qmovie» премьерасына Зияткерлер оқуышылар, ұстаздар, фильмге ат салысқан оқушылардың ата-аналары қатысты. Келген қонақтар осы жобада үлкен жұмыс атқарылып, мектепте талантты жас буын қалыптасып үл¬гер¬генін атап өтті. «Енді қазақ дубляжының көші тоқта¬масын!» – деген тілек білдірді басты рөльді сомдаған 9-сыныптағы Мирастың әкесі Мұратбек Қалдығұлов.